Абайдың 180 жылдығы: Абай ауданында мерейтойлық шаралар өтеді

Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осыған орай Абай ауданында мерейтойлық іс-шаралар басталып, негізгі мерекелік бағдарламалар наурыз және тамыз айларына жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов мәлімдеді.

– Абайдың 180 жылдығына орай ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылады. Нақты бағдарламасы бекітілгеннен кейін толық ақпарат беріледі. Қазіргі таңда мерейтойлық жылдың ресми логотипі әзірленіп, бекітілді. Сонымен қатар, мерейтой аясында өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, жол бойындағы сервистік қызметтердің дамуы маңызды. Дегенмен бұл бағытта әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Қазіргі уақытта екі кәсіпкер осы салада жұмыс істеуге дайындық жүргізуде. Сондай-ақ, киіз үйлер орнату мәселесіне ерекше мән берген жөн. Себебі бұл – қазақ халқының бай мәдениетімен тереңірек танысқысы келетін шетелдік туристер үшін таптырмас мүмкіндік. Алайда, бұл жұмыстардың нақты қашан аяқталатыны белгісіз, – деді Мейіржан Смағұлов.

Сонымен қатар, аудан әкімі мерейтойлық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Абайдың 180 жылдығын лайықты деңгейде атап өтуді тапсырды. Осыған байланысты алғашқы мерейтойлық шаралар Семей қаласында, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музейінде өтті. Олардың қатарында концерттік бағдарламалар мен түрлі көрмелер бар. Мерейтойлық жылдың ресми ашылуы 22 наурызда Абай ауданында өтеді. Бұл күнге орай кең ауқымды концерттік бағдарлама жоспарланған. Ал мерекенің ең маңызды әрі көлемді іс-шарасы тамыз айында ұйымдастырылады, – деп қорытындылады аудан әкімі.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап