Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзал, оның ішінде Абай облысында 10 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. Бүгін Жарма ауданындағы Үшбиік, Жарма, Шар станцияларының жаңартылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Үш нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Жаңғырту жұмыстары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Көлік министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның және Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Аймақ басшысы қайта жаңғыртылған вокзалдардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Теміржол – еліміздің елді мекендерін өзара байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік жүйесінің бірі. Сондықтан оның инфрақұрылымын жаңарту, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау – уақыт талабынан туындайтын маңызды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік және логистика саласының әлеуетін арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Сондықтан вокзалдардың заманауи талаптарға сай жаңартылуы тұрғындардың сұранысына жауап беретін маңызды шешім болды деп есептейміз. Осы сәтті пайдаланып игі жобалардың жүзеге асуына үлес қосқан барлық азаматтар мен мамандарға облыс жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Бүгін тоғыз жолдың торабында орналасқан Жарма ауданында үш бірдей жаңа вокзалды ашып отырмыз. Жаңа вокзалдар жолаушыларға жайлы жағдай жасап, Жарма ауданының одан әрі дамуына өз үлесін қоса берсін! Баршаңызды айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Берік Уәли.
📍Пайдалануға берілген үш станция да өңірдің көлік жүйесінде ерекше орын алады. Станция арқылы «Семей–Астана», «Новосибирск–Алматы», «Павлодар-Алматы», «Семей-Қызылорда», «Өскемен-Алматы» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары өтеді.
Шар қаласындағы теміржол вокзалы 1982 жылы салынған. Жаңғырту барысында ғимараттың жалпы аумағы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бір қабатты нысан екі қабатты ғимаратқа айналып, ішкі кеңістігі жаңартылды. Лифт орнатылды. Жолаушыларға қызмет көрсету және күту орындары қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар вокзалда бұрын болмаған 716 метр болатын аралдық перрон салынды.
Үшбиік станциясындағы теміржол вокзалы 1995 жылы салынған. Нысанға соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Жаңғырту барысында вокзал ғимаратының жалпы аумағы 83,7 шаршы метрден 201,1 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ғимараттың ішкі бөлігі жаңартылып, жолаушыларды күтуге және қызмет көрсетуге арналған бөлмелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Ал Жарма станциясындағы вокзал ғимараты 1996 жылы салынған. Техникалық тексеру нәтижесінде қолданыстағы ғимарат толық бұзылып, орнына жаңа вокзал салынды. Жаңа нысанның жалпы аумағы 217 шаршы метрден 347,7 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, жолаушыларды күту және қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, 420 метр перрон жаңартылды.
➡️Барлық үш вокзалда да жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына, сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға баса назар аударылды.
Оставить комментарий