Семей қаласында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында инклюзивті спорт кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа спорт нысанының маңызына тоқталып, инклюзивті спортты дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Себебі, бұл салтанатты рәсім – елдің ертеңіне салынған инвестиция, ұрпақтың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, оны халықтың барлық санаты үшін қолжетімді етуге айрықша мән беріп келеді. Яғни, спорт тек кәсіби спортшыларға немесе жоғары жетістіктерге ұмтылған азаматтарға ғана емес, әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да спортпен айналысуға, жарыстарға қатысуға, өз қабілетін шыңдауға толық мүмкіндік алуы тиіс. Бүгінгі жоба – осы ұстанымның нақты көрінісі. Қарағайлы тұрғын үй ауданында бой көтеретін бұл нысан Семей қаласының ғана емес, жалпы облыстың инклюзивті спортын дамытуға жаңа серпін береді деп сенеміз. Мұнда балалар мен азаматтар жаттығып қана қоймайды, олар өз күшіне сенуді, жеңіске ұмтылуды, қиындықты еңсеруді үйренеді. Мұндай спорт кешені өңірімізде бұрын-соңды болған емес. Облыс жұртшылығының сұранысын ескеріп, осындай үлкен спорт кешенін салуға қолдау білдіргендеріңіз үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына өңір тұрғындары атынан алғыс айтамын. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Берік Уәли.
Заманауи нысанда әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру залы, күрес элементтері бар арнайы зал, тренажер залы, бочча залы, үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған бөлмелер қарастырылған. Екі қабаттан тұратын нысан бір мезгілде 130 адамға дейін спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік береді.
Ғимаратта спорттық жаттығу залдарымен қатар медициналық және оңалту қызметтерін көрсетуге арналған кабинеттер де болады. Нысан толықтай инклюзивті талаптарға сай жобаланып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар, лифт, бейімделген санитарлық тораптар және кедергісіз қозғалысқа қажетті жағдайлар жасалады.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. «Абай облысының шағын жинақты мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында 764,7 миллион теңгеге 36 мектепке 58 кабинет орнатылды. Өңірдегі 4 мектеп оқу кабинеттері мен жиһаздармен жабдықталды. «QH Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында Аягөз, Бесқарағай, Жаңасемей және Мақаншы аудандарындағы қосымша білім беру ұйымдары жалпы құны 480 миллион теңге заманауи талаптарға сай кабинеттермен жарақтандырылды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жаңа нысанның іргетасын қалау рәсімінде осы бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
«Біздің қоғамдық қор елге, қоғамға пайдалы кез келген бастаманы әрдайым қолдауға дайын. Іргетасы қаланып отырған инклюзивті спорт кешені – соның нақты дәлелі. Бұл нысан өңірдегі мүгедектігі бар азаматтарға спортпен тұрақты түрде айналысуға және заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгін басталған құрылыс сапалы әрі ел игілігіне қызмет ететін нысан болады деп сенеміз», – деді ол.
Пікір қалдыру