Семейде «Әділет» партиясы цифрландыру дәуіріндегі медианың жаңа рөлін талқылап, ашық ақпараттық кеңістік қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Сайлауалды штаб мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, цифрландыру, жасанды интеллектіні медиада қолдану, ақпараттың қолжетімділігі және азаматтармен кері байланысты күшейту мәселелерін талқылады.
Кездесуге Құрылтайға кандидат Ирина Соловьева және сайлауалды штаб мүшесі Жадыра Мұратбекова қатысты.
Ирина Соловьева партияның цифрлық бағыты ақпараттық кеңістікке де жаңа талап қойып отырғанын атап өтті.
«Цифрландырудың мәні – технологияны технология үшін енгізу емес. Оның басты мақсаты – адамға қажетті ақпаратты уақытында жеткізу, азаматтың пікірін есту және қоғам мен билік арасындағы байланысты жеңілдету. Біз цифрлы партия ретінде осы мүмкіндіктерді ашық әрі жауапты ақпараттық орта қалыптастыруға бағыттауымыз керек», – деді спикер.
Жиында ақпараттың таралу жылдамдығы артқан сайын журналистік стандарттарды сақтау, жасанды интеллект құралдарын жауапты пайдалану және ақпараттың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударылды.
Партия өкілдерінің айтуынша, цифрлы партия болу – тек жаңа технологияларды қолдану емес, азаматпен үнемі байланыста болу. Осы бағытта «Әділет» БАҚ-пен ашық диалогты жалғастырып, қоғам үшін маңызды мәселелерді бірлесіп талқылауға ниетті.
Пікір қалдыру