Аида Балаева референдумда дауыс берді

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумға қатысты.

Дауыс беру Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында орналасқан №129 сайлау учаскесінде өтті.

Бүгінгі оқиғаның маңыздылығына тоқталған Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституцияны қабылдау елдің одан әрі дамуы жолындағы маңызды кезең екенін атап өтті.

«Әр ұлт, әр мемлекет өзінің болашақ даму жолын іздейді. Қазақстан да бұдан тыс емес. Халықтық Конституцияны қабылдау әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құруды көздейді. Қазақстандықтар дұрыс таңдау жасайды деп сенемін», – деді А.Балаева.

Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрі референдум күні қазақстандықтардың жоғары азаматтық белсенділігін атап өтті. Оның айтуынша, таңертеңнен бастап азаматтардың қатысуы айтарлықтай байқалады. Бұл елімізде ашық қоғам қалыптасып, саяси мәдениеттің өсіп, азаматтардың мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.

«Біз таңертеңнен бастап ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп отырмыз. Қуантатыны – халықтың референдумға қатысу белсенділігі жоғары. Қазақстанда ашық қоғам қалыптасқанын, саяси мәдениеттің жоғары екенін және азаматтық жауапкершіліктің айқын көрініс тапқанын байқаймыз. Бейжайлық жоқ, керісінше, сүйікті еліміздің болашағына деген саналы жауапкершілік бар. Бұл – мемлекет басшысы 2019 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі деп ойлаймын», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Айта кетейік, дауыс беру учаскелері Астана уақыты бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап