Жиында алдымен Бородулиха ауданының әкімі Талғат Мұратов ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Облыс әкімі Берік Уәли өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайында айтты.
📍Бородулиха – облыстың ауыл шаруашылығы дамыған ірі аудандарының бірі. Биылғы тоғыз айда ауданда 48,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Егіс көлемі 360,9 мың гектарды құрап, облыстағы жалпы егістік алқабының 45,6 пайызын қамтыды. Ауданда 150,8 мың тонна астық бастырылып, жыл басынан бері 62 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылды. 2030 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік инвестициялық жобалар картасына Бородулиха ауданынан жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 6 жоба енгізілген.
Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Биыл «Красный партизан» шаруа қожалығының құны 1,2 млрд теңге болатын астық кептіру кешені пайдалануға берілді. «Шыңғыс Тас» компаниясы 2 млрд теңгеге кірпіш зауытын салуда.
Биыл ауданның жол инфрақұрылымын жақсартуға қаржы қарастырылды. Бородулиха ауылындағы Советская, Рабочая және Әуезов көшелерінің 3,2 шақырымы жөнделді. Михайличенково ауылындағы бес көшеде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. 2027 жылы Бородулиха ауылындағы төрт көше жөнделеді. Сондай-ақ, келесі жылы Жезкент кентіндегі көшелерді жөндеуге қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жалғасуда. Биыл Переменовка және Ремки ауылдары орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Жезкент кентіндегі ауыз су мәселесін шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу міндеті қойылды.
➡️Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Биыл Бородулиха ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 20 пәтер сатып алу үшін қаржы бөлінді. Білім беру саласында ауданның 17 мектебі ағымдағы жөндеуден өтті. Оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін қаржылық лизинг арқылы 7 автобус сатып алу жоспарланған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 3 жаңа медициналық нысан салынды. Бородулиха орталық аудандық ауруханасына медициналық жабдықтар сатып алынды.
Мәдениет саласында Бородулиха ауданының 8 ауылдық клубына музыкалық аппаратуралар сатып алынды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Жаңа Шүлбі ауылдық кітапханасы базасында «Жаңа клуб» комьюнити-орталығы ашылды.
Байланыс инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2026-2027 жылдары ауданның 24 ауылына талшықты-оптикалық интернет желісін тарту жоспарланған. Қазіргі уақытта 13 елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысы тұрғындарды толғандырған жол, ауыз су, жарықтандыру және басқа да инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
«Бұған дейін де аудандағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен, ауданның тыныс-тіршілігімен танысып жүрмін. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, халық үшін аса өзекті мәселелер - жолдардың жағдайы, ауыз сумен қамту және елді мекендерді жарықтандыру мәселелері әрдайым ерекше назарда. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде осы аталған проблемалар кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді», – деді Берік Уәли.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Облыс әкімі көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын айтты.
Аймақ басшысы кездесудің алдында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар ауыз сумен қамтамасыз ету және елді мекендердегі автомобиль жолдарын жөндеу мәселелерін көтерді. Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне көтерілген мәселелерді зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Аймақ басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.
🔗Облыс әкімі тұрғындармен кездесуден кейін жедел медициналық жәрдем қызметін жақсарту үшін ауданға 3 жаңа санитарлық автокөліктің кілтін тапсырды.
Пікір қалдыру