🔴Облыс әкімі жылу беру нысандарының жұмысымен танысты

 Аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы №1 Жылу электр орталығы мен «343 квартал» орталық жылыту пунктінің жұмысымен танысты.

📊Облыс әкімі алдымен №1 Жылу электр орталығына барды. 1934 жылы пайдалануға берілген нысан жылу қуатын өндіру және берумен айналысады. Орталықтың орнатылған қуаты – 374 Гкал/сағ, қолданыстағы қуаты – 276,4 Гкал/сағ.

№1 Жылу электр орталығы 433 көпқабатты тұрғын үйді, 56 әлеуметтік нысанды, 30 бюджеттік ұйымды және 673 коммерциялық кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. Абоненттердің жалпы саны – 27 410. Орталыққа тиесілі жылу желілерінің ұзындығы 102,691 шақырым. Мұнда қыс кезінде - 233 адам, жазда 182 адам еңбек етеді. 

Аймақ басшысы алдағы жылыту маусымында бұл нысандардың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті.

«Биыл жылу қазандығына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын ерте бастадық. Соның арқасында ерте аяқтап отырмыз. Аяқ асты күн суытқан жағдайға 100 пайыз дайынбыз. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мамандар жұмыс барысын жаз бойы тұрақты бақылауда ұстады. Конкурстық рәсімдер ерте бітті. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қазір кез-келген уақытта жылу беруге дайынбыз. Биылғы жылдағы тағы бір ерекшелік - жазда алғаш рет қала тұрғындары ыстық сумен қамтылды», – деді Берік Уәли.


Облыс әкімі бұдан кейін «343 квартал» орталық жылыту пунктіндегі реконструкциялау жұмыстарының барысын көрді.

🟦«343 квартал» ОЖП ғимараттарын «Силикатный» сорғы станциясына ауыстыра отырып реконструкциялау жобасы аясында жалпы ұзындығы 0,84 шақырым жылу желісін ауыстыру қарастырылған.

Қазіргі уақытта жылу камерасын монтаждау және орталық жылыту пункті ғимаратының ішіндегі құрылыс жұмыстары аяқталған. Жобада көзделген 6 желілік сорғы мен 2 жылу алмастырғышты орнату жұмыстары жалғасуда. 

«343 квартал» орталық жылыту пункті 12 көппәтерлі тұрғын үй мен 24 коммерциялық нысанды жылумен қамтиды. Абоненттер саны – 822. Ал «Силикатный» сорғы станциясына 16 көппәтерлі тұрғын үй, 37 коммерциялық, 16 жеке сектор және 8 әлеуметтік нысан қосылған. Мұндағы абоненттер саны – 695.

🟧«343 квартал» орталық жылыту пунктін аралап көрген аймақ басшысы, реконструкциялау жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды. 


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап