Архат ауылында қазіргі таңда екі елді мекен бар. Мұнда мыңға жуық халық тұрады. Елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауызсу жүйесі жаңғыртылып, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аймақ басшысы әуелі «Қарауыл – Архат» аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстарының барысын көрді.
🔗Биыл «Қарауыл – Архат» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 15-20 шақырым аралығында орташа жөндеу жүргізілді. Жоба аясында 7 суағар жөнделіп, 2 шақырым жолға асфальт төселді, сондай-ақ, 1320 шаршы метр жолдың ақаулы учаскелері қалпына келтірілді.
Ал Архат ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту жобасы 2024–2026 жылдары жүзеге асырылды. Жоба аясында 13,7 шақырым құбыр желісі тартылып, 121 тұрғын үй мен 4 ғимарат таза ауызсумен қамтылды. Нысан биылғы шілде айында іске қосылды.
Жаңғыртылған нысандарды аралау барысында облыс әкімі жолдың да, ауыз судың да ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Шежірелі тарихы бар, елге танымал талай тұлға шыққан қасиетті Архат ауылының тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы келдім. Ауылды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде жол инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Биыл жолдың бір бөлігі жөнделіп, ауылдың ауызсу жүйесі жаңғыртылды. Жолдың қалған бөлігін жөндеу бойынша алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндіктеріне орай қаржы қарастырамыз. Ең бастысы, салынған жол сапалы болуы керек», – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Қаладан – ауылға» жобасы аясында Архат ауылына қоныс аударған Құсабаевтар отбасының үйінде болып, хал-жағдайымен танысты.
Талғат Құсабаев отбасымен бірге Семей қаласынан көшіп келген. Жанұяда бес бала бар. Жаңа қонысқа келген отбасына ауыл тұрғындары екі бұзаулы сиыр тарту еткен.
📣Жалпы, Абай ауданында «Қаладан – ауылға» жобасы бойынша биыл 50 отбасын ауылдарға қоныстандыру жоспары толық орындалып, ауданға 50 отбасы, 218 адам көшіп келді. Оның ішінде 34 отбасы, 147 адам Семей қаласынан, 16 отбасы, 71 адам еліміздің өзге өңірлерінен қоныс аударған. Ал Архат ауылына 9 отбасы көшіп келді.
Пікір қалдыру