🎮Облыс әкімі Абай ауданындағы балалар лагерінің құрылысын қадағалады

Аймақ басшысы Берік Уәли Абай ауданының Кеңгірбай би ауылындағы Қарашоқы шатқалында салынған балалар лагеріне барды.


🔗Мұнда құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған болатын. Алайда мердігердің жауапсыздығынан нысан «сақалды құрылысқа» айналып, құрылысты аяқтау ұзаққа созылып кеткен еді. Биыл облыс әкімінің жобаны аяқтау жөніндегі тапсырмасына сәйкес құрылыс жұмыстары қайта жанданды. 


Құрылыс басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта мұндағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Балалар лагеріне дейін электр желісі тартылып, трансформатор орнатылды. Нысанға электр энергиясы толық берілген. Асфальт жабыны төселіп, сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ғимаратты қысқы кезеңде жылы ұстау үшін теплофондар қойылған. Қазіргі таңда ұңғыма қазылып, су жүйесіне қосу жұмысы жүргізілуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында нысан ішіне, сыртына бейне бақылау камералары орнатылған. Қажетті жабдықтар сатып алынған.  


Жалпы ауданы 785 шаршы метрді құрайтын нысан 40 орынға арналған. Ғимарат сыртында ойын және спорт алаңдары қарастырылған.  


Балалар лагерінің іске қосылуы өңірдегі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға және олардың табиғат аясында тынығуына қосымша мүмкіндік береді.


«Бұл лагерь – Абай ауданындағы құрылысы ұзаққа созылған нысандардың бірі. Биыл құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Электр желісі тартылып, бүлінген асфальт жабыны қалпына келтірілді. Қажетті құжаттарды рәсімдеп, лагерьді келесі жазғы маусымда балалардың игілігіне беруіміз керек. Нысанның тұрған жері өте қолайлы. Өзен жағасында, тау бөктерінде, табиғаты көркем аумақта орналасқан. Ғимарат іске қосылғаннан кейін мұнда барлық ауданның оқушыларының тынығуына жағдай жасауымыз қажет. Мердігерге қалған жұмыстарды қысқа мерзімде, сапалы аяқтауды тапсырамын», – деді Берік Уәли. 

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап