Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз қаласында аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Аймақ басшысы өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Аягөз – облыстың мал шаруашылығы мен егіншілікке бейім жетекші аудандарының бірі. Аудандағы ірі қараның үлесі 16,3%-ды, ұсақ малдың үлесі 18,1%-ды құрайды.
Ауыл шаруашылығының 2031 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасына сәйкес Аягөз ауданында құны 9,8 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығының дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етпек.




Кездесу барысында аймақ басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Бүгін атқарған жұмыстардың есебі мен көкейлеріңізде жүрген сұрақтарыңызға жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісу үшін өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Осыған дейін бірнеше рет арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстым. Ауданның жағдайы мен тұрғындарды алаңдататын мәселелерді жақсы білемін. Аягөз – облысымыздағы халық саны ең үлкен аудандардың бірі. Сондықтан да екі күнге келіп отырмыз. Жол, ауыз су, жарықтандыру сияқты проблемалар кезең-кезеңімен, жүйелі түрде шешіледі. Ауданның дамуы жеке бақылауымда болады», - деді облыс әкімі.
Пікір қалдыру