✔️Облыс әкімі Көкпекті ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.

🔴Жиында алдымен Көкпекті ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысы өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Көкпекті ауданында биылғы сегіз айда 19,2 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл басынан бері шаруалар 36 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 27 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 2,2 млрд теңгеге қаржыландырылды. 

Ауыл шаруашылығы саласының 2030 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасына Көкпекті ауданынан жалпы құны 9,8 млрд теңге болатын сегіз жоба енгізілген. «Елім-ай Көкпекті» агрохолдингі бордақылау алаңының қуатын 5 мыңнан 20 мың басқа дейін ұлғайтуды және 10 мың аналық малға арналған асыл тұқымды ірі қара мал репродукторын салуды жоспарлап отыр. 

Жалпы, биыл ауданда 12,4 млрд теңгеге алты инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 395 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Ауданның инфрақұрылымын жаңғырту бағытында Ақой ауылындағы су құбыры жаңартылып, пайдалануға берілді. Биғаш, Қарамойыл, Шәріптоғай, Мамай және Шұғылбай ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. 

Биыл «Үлкенбөкен – Көкжайық – Үлгілімалшы» тас жолының 11 шақырымы жөндеуден өтті, тағы бір учаскесінде жөндеу жұмыстары басталды. Тассай ауылына кіреберіс жолдағы көпір қайта жаңғыртылып жатыр. 

😃Ауданның 12 мектебін жөндеуге 62,5 млн теңге бөлінді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шәріптоғай, Романовка және Биғаш мектептерінде заманауи әмбебап оқу кабинеттері жабдықталды. Демеушілер есебінен 11 мектепке 21 оқу кабинеті орнатылды. Ажа ауылындағы Романовка негізгі мектебінің жанынан жаңа спорт залы салынды. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Биғаш, Шәріптоғай, Мамай, Үлгілімалшы, Үшкөмей және Қарамойыл ауылдарында медициналық нысан салынды. Нәтижесінде 1550 ауыл тұрғыны медициналық көмекпен қамтылды. 

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында «Қазақтелеком» АҚ 2026-2027 жылдары ауданның 19 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек екі елді мекенді спутниктік интернетпен қамту, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында аудан аумағында бес антенна-діңгек құрылымын салу көзделген.

Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.

«Атқарылған жұмыстарды саралап, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап беру үшін Көкпекті ауданына арнайы келіп отырмыз. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Халық үшін аса өзекті мәселелер – жолдардың жағдайы, ауыз сумен, баспанамен қамту және елді мекендерді жарықтандыру мәселелері әрқашан ерекше назарда. «Көкпекті – Омбы - Майқапшағай» күре жолының бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан әлеуеті зор аудан. Ауданды қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Аймақ басшысы көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын айтты.

Облыс әкімі кездесудің алдында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғындар баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселесін көтерді.

📊Аймақ басшысы кездесуден кейін Көкпекті аудандық ауруханасына жаңа санитариялық автокөліктерді табыстады. Атап айтқанда, ауруханаға «А» сыныбындағы 1 JAC Sunray және 2 «ГАЗель-NEXT» санитариялық автокөлігі берілді. Сонымен қатар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының теңгерімінен аудандық ауруханаға қосымша тағы 4 «Газель» санитариялық автокөлігін беру жоспарланып отыр.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап