Ақсуаттың тарихында әлі де зерделей түсетін дерек, кейінгі ұрпаққа жеткізетін өнеге көп. Осы мұраны жинақтап, оқырманға ұсынуды мақсат еткен «Асыл бесік – Ақсуат» тарихи-танымдық, мәдени-тағылымдық журналы жарық көрді. Басылымның алғашқы саны Семейде таныстырылды.
🗣️ Тұсаукесерде Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Берік Уәлидің журнал редакциясына жолдаған құттықтауын жеткізді.
– Киелі кітапханамызда осындай игі іс-шаралардың өтуі дәстүрге айналды. Бүгінгі тұсаукесер де сол дәстүрдің жалғасы. «Асыл бесік – Ақсуат» журналының жарық көруіне бастамашы болған азаматтар мен демеушілерге рақмет айтамын. Журналдың бас редакторын басылымның алғашқы санының жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Жарқын Түсіпбекұлы.
🗣️ Журналдың бас редакторы Ержан Құттыбаев басылымның қалай қолға алынғанын айтып, редакцияның алдағы міндеттеріне тоқталды. Журнал 2026 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетінде ресми тіркеліп, арнайы куәлік алған.
– «Асыл-бесік – Ақсуат» – туған өлкенің тарихын түгендейтін жаңа басылым. Ақсуаттың өткені мен бүгінін сабақтастырып, тарихи жадын жаңғыртуға бағытталған журнал оқырманға жол тартты. Туған жердің тарихын білу, табиғатын тану, мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын сақтау – ұрпақ алдындағы ұлы міндет. Өткенін таныған ел ғана болашағын бағдарлап, ұлттық болмысын баянды ете алады. Осы тұрғыдан алғанда, Ақсуаттың шежіресін жүйелеп, тарихи-мәдени мұрасын ғылыми негізде зерделеуді мақсат еткен журналдың жарық көруі – ауданның рухани-мәдени өміріндегі елеулі жаңалық, – деді журналдың бас редакторы Ержан Құттыбаев.
👥 Шарада Ақсуат ауданы атынан меценат Қайырлы Амангелдіұлы Қасенов сөз сөйлеп, журналдың бас демеушісі Дулат Тұрсынұлы Тастекеевтің құттықтау хатын жеткізді. Қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері мен Ақсуаттан келген қонақтар басылымның өлке тарихын зерттеудегі маңызы туралы ойларын ортаға салып, редакция ұжымына сәттілік тіледі.
✨ Журналдың тұсауын кесу рәсіміне Мұратқазы Сейсенұлы, Жамбыл Бөдеуханұлы Жұманбаев және Мұхтарбек Қарпықұлы қатысты. Рәсім барысында Ақсуаттың ақсақалы Жамбыл Жұманбаев жаңа басылымға ақ батасын берді.
Әдеби-мәдени бағдарламада Әсет Бейсеуовтің «Тарбағатай таулары» мен «Кел, қалқам, Ақсуатқа» әндері шырқалды. Мәдениет қайраткері Шолпан Мұханбетова журналға арнаған өлеңін оқып, Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер» әнін орындады.
📌 Кездесу барысында журнал авторлары мен оқырмандар алғашқы сан туралы пікірлерін айтып, басылымның алдағы жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірді.
Пікір қалдыру