Алдымен радиация ұғымына тоқталайық. Радиация – энергияның толқындар немесе бөлшектер түрінде таралуы.
Энергия деңгейіне қарай сәулелену иондаушы және иондаушы емес болып бөлінеді. Иондаушы емес сәулеленуге радиотолқындар, көрінетін жарық, инфрақызыл және микротолқынды сәулелену жатады. Ал иондаушы сәулелену заттың атомдары мен молекулаларын иондау үшін жеткілікті энергияға ие. Дәл осы сәулелену түрі қызметкерлер мен халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде ескеріледі. Бұл туралы «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Энергетика тобының жетекші инженері Мади Нұрбекұлы Азбергенов айтып берді.
Иондаушы сәулеленудің сипаттамаларын өлшеу үшін радиациялық бақылаудың түрлі құралдары қолданылады. Олардың қатарында дозиметрлер, радиометрлер және спектрометрлер бар. Құралды таңдау қандай көрсеткішті анықтау қажеттігіне байланысты. Атап айтқанда, сәулелену дозасының қуаты, радиоактивті ластану деңгейі, белсенділік немесе радионуклидтік құрам өлшенеді.
Атом электр станцияларында станция аумағындағы және одан тыс жерлердегі радиациялық жағдайды тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін радиациялық бақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйенің негізгі элементтерінің бірі – радиациялық жағдайды бақылау. Үздіксіз радиациялық бақылау құралдарынан алынған ақпарат басқару пункттеріне түседі. Онда мамандар бақыланатын көрсеткіштерді қадағалап отырады.
Атом электр станцияларында арнайы радиациялық бақылау жүргізілетін және персоналды радиациядан қорғау шаралары қолданылатын бақыланатын аймақ белгіленеді. Бұл аймаққа кіру радиациялық қауіпсіздіктің белгіленген талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бақыланатын аймақта жұмыс істейтін қызметкерлер белгіленген талаптар мен радиациялық бақылау бағдарламасына сәйкес жеке дозиметриялық бақылаудан өтеді. Жеке сәулелену дозасын анықтау үшін арнайы дозиметрлер қолданылады.
Сонымен қатар, белгілі бір жұмыстарды орындау кезінде электрондық дозиметрлер пайдаланылуы мүмкін. Олар сәулелену дозасының қуаты немесе жинақталған доза белгіленген шекті мәндерге жеткен жағдайда дыбыстық немесе жарықтық белгі береді.
Радиациялық бақылау бағдарламаларына сәйкес жұмыс беттері, жабдықтар, едендер, қабырғалар және басқа да нысандар радиоактивті ластанудың бар-жоғына тұрақты түрде тексеріледі.
Бақыланатын аймақтан шығар кезде қызметкерлердің радиоактивті ластану деңгейі тексеріледі. Бұл ретте қолдың, аяқ киімнің және арнайы киімнің тазалығына ерекше назар аударылады.
Станцияда қоршаған ортаға таралатын радиоактивті шығарындылар мен төгінділер де бақыланады. Олардың көрсеткіштері белгіленген рұқсат етілген нормативтерден аспауы тиіс.
Атом электр станциясы орналасқан аумақта қоршаған ортаға радиациялық мониторинг жүргізу жүйесі ұйымдастырылады.
Мониторинг аясында қоршаған ортаның түрлі компоненттері зерттеледі. Олардың қатарында атмосфералық ауа, топырақ, жерүсті және жерасты сулары, өсімдіктер, сондай-ақ қажет болған жағдайда азық-түлік өнімдері мен қоршаған ортаның басқа да құрамдас бөліктері бар. Мониторинг нәтижелері станцияның халық пен қоршаған ортаға әсерін бағалауға және радиациялық қауіпсіздіктің белгіленген нормативтерінің сақталуын растауға мүмкіндік береді.
Атом саласында әртүрлі өлшем бірліктері қолданылады. Беккерель (Бк) радиоактивті заттың белсенділігін сипаттайды және уақыт бірлігіндегі радиоактивті ыдырау санын көрсетеді. Грей (Гр) – жұтылған дозаның өлшем бірлігі. Ол иондаушы сәулелену энергиясының заттың бірлік массасына қанша мөлшерде жұтылғанын білдіреді. Ал зиверт (Зв) эквивалентті және тиімді дозаны өлшеу үшін қолданылады. Бұл өлшем бірлігі иондаушы сәулеленудің адам ағзасына биологиялық әсерін ескеруге мүмкіндік береді.
Қарапайым түрде, сәулелену дозасының қуаты салыстырмалы түрде тұрақты болған жағдайда, сыртқы сәулелену дозасын сәулелену дозасының қуатын әсер ету уақытына көбейту арқылы бағалауға болады. Доза қуаты неғұрлым жоғары болып, адам сәулелену аймағында ұзақ уақыт болған сайын, оның алатын дозасы да арта түседі. Радиациялық әсерді толық бағалау кезінде тек сыртқы сәулелену ғана емес, сонымен қатар радионуклидтердің ауамен, сумен немесе тағам арқылы ағзаға түсуі салдарынан туындауы мүмкін ішкі сәулелену де ескеріледі.
Қоршаған ортаның жай-күйін бақылау жұмыстары атом электр станциясы салынбай және пайдалануға берілмей тұрып басталады. Мұндай зерттеулер аумақтың бастапқы радиациялық жағдайын анықтау, табиғи радиациялық фон мен оның маусымдық өзгерістерін зерделеу, сондай-ақ ауа, су, топырақ және қоршаған ортаның басқа да компоненттерінің жай-күйі туралы мәліметтер жинау үшін қажет. Кейін бұл бастапқы деректер атом электр станциясын пайдалану кезеңіндегі радиациялық мониторинг нәтижелерімен салыстыру үшін қолданылады.
Осылайша, атом энергиясын пайдалану нысандарындағы радиациялық бақылау – радиациялық жағдайды, қызметкерлердің сәулелену дозаларын, өндірістік үй-жайлар мен қоршаған ортаның жай-күйін бақылауға бағытталған кешенді жүйе. Бұл жүйе радиациялық жағдайдағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға, белгіленген нормативтердің сақталуын бақылауға және қызметкерлердің, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру