Абай облысында 2026 жылы жоғары оқу орындарының 28 түлегі мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасты. Өңіріміз бойынша бұл тетік енгізілген 2023 жылдан бері барлығы 62 түлек мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға тағайындалған.
Бұған дейін мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі мемлекеттік білім беру грантымен оқыған және оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) кемінде 3,33 болған түлектерге беріліп келген. 2026 жылғы 1 шілдеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң күшіне енгеннен кейін бұл мүмкіндік GPA көрсеткіші осы талапқа сай келетін, ақылы негізде білім алған түлектерге де қолжетімді болды.
Түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейлердегі, сондай-ақ облыс орталығы болып табылмайтын облыстық маңызы бар қалалардағы жекелеген төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз тағайындала алады. Ол үшін кандидат тиісті лауазымның біліктілік талаптарына сай болуы қажет. Тағайындау уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімімен жүзеге асырылады.
2026 жылғы 1 шілдеден бері Абай облысында 22 түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасты. Олардың төртеуі бос лауазымға өтінімді eQyzmet жүйесіндегі «Түлек» бөлімі арқылы берді.
Қазан айында іске қосылған бұл бөлім түлектерге мамандығына сай бос лауазымдарды іздеуге, біліктілік талаптарымен танысуға және электрондық өтінім беруге мүмкіндік береді.
«Түлек» бөлімі арқылы жұмысқа орналасқандардың қатарында егіз әпке-сіңлі Айдана мен Гүлдана Абеновалар бар. Мектепте бірге оқып, жоғары оқу орнында қатар білім алған олар диплом алғаннан кейін мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын да бір мекемеде бастады. Екеуі де eQyzmet арқылы өтінім беріп, Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Аягөз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жұмысқа орналасты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет - жастар үшін!
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру