МЕДИЦИНАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ҚАРАҒАНДЫ УНИВЕРСИТЕТІ ДӘРІГЕР КӨМЕКШІСІ МЕН ВИРТУАЛДЫ ПАЦИЕНТТІҢ ПРОТОТИПТЕРІН ӘЗІРЛЕУДЕ

AI-Sana ұлттық бағдарламасы шеңберінде Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина университеті жасанды интеллектіні денсаулық сақтау саласы мен оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда. Солардың негізгі бағыттарының бірі – дәрігердің интеллектуалды көмекшісін әзірлеуге арналған AiMed Voice жобасы.

Жобаның бастапқы міндеті дәрігер мен пациент арасындағы диалогтарды автоматты түрде өңдеу және құрылымдау технологияларын әзірлеу болды. Бұл медициналық құжаттаманы жүргізу кезінде медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтып, пациенттерді тікелей тексеруге және клиникалық шешімдер қабылдауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Университеттің оқытушылары мен студенттерінен құралған пәнаралық команда дәрігер көмекшісінің жұмыс істейтін прототипін жасап үлгерді.

Әзірлеушілер ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Медициналық ақпарат қатаң бақылауды қажет ететіндіктен, жоба зерттеу және эксперименттік форматта жүзеге асырылуда. Оны клиникалық тәжірибеге толық енгізу үшін алдымен сенімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты барлық қажетті тексерулерден өтуі тиіс.

Зерттеулер барысында команда жасанды интеллект негізінде медициналық білім беруге арналған «виртуалды пациент» симуляторын әзірлеу бағытын да айқындады. Модельденген цифрлық ортада студенттер науқастың анамнезін жинау дағдыларын жетілдіріп, клиникалық ойлау қабілетін дамытады және оқу сценарийлері негізінде шешім қабылдауды үйренеді. Бұл ретте жоба нақты пациенттердің жеке деректеріне қол жеткізбей, тек синтетикалық деректерді пайдалануға бағытталған.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап