Наурызнама онкүндігі аясында, қайырымдылық күні маңызды бастама – Assyl AI жобасының салтанатты тұсаукесері өтті. Атаулы жоба тек цифрлық технологияларды дамытуға ғана емес, жалпы білім беру жүйесінің болашағына жасалған үлкен қадамды меценаттар да қолдады.
Өңірде IT-бағытын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сарсебаев атап өтті.
– Облыста IT бағытына үлкен мән беріліп отыр. Өңіріміз құрылғалы бері осы салаға арналған бірнеше білім беру мекемелері ашылды. Мәселен, IT-лицей құрылды, IT-колледжде терең модернизация жүргізілді. Сонымен қатар, Alikhan Bokeikhanov университеті жанынан Abai IT-Valley технологиялық кластері жұмыс істеуде. Мұның бәрі – талантты жастардың осы салада жетістікке жетуі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Assyl AI жобасы жас мамандарға тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де өз нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Жасұлан Сарсебаев.
Сонымен бірге, 15-16 наурыз күндері Alikhan Bokeikhan University қабырғасында оффлайн форматта екі күндік курстар өтеді. Курстарды Бостонның алдыңғы қатарлы оқу орындарын тәмамдаған қазақстандық түлектер жүргізеді. Бағдарлама аясында 100-ге жуық студент білім алады деп жоспарлануда.
TAS Group компаниясының бас директоры Дулат Тастекеев Абай облысында жобаның тұсаукесері Наурызнама онкүндігінің маңызды күні – 15 наурыз, қайырымдылық күнімен сәйкес келуі тегін емес екенін атап өтті.
– Бұл жай ғана қайырымдылық шарасы немесе жастарды қолдау ғана емес, болашаққа жасалған инвестиция. Абай облысы әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін, сондай-ақ Assyl AI жобасын іске асыруға атсалысқан барлық жандарға ризашылығымды айтамын. ASSYLTAS қоғамдық қорының басты миссиясы – инновацияларға назар аудару, қазақ тілін кең таралған, іскерлік ортада қолданылатын тілге айналдыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлттық мүдде жолында еңбек ету. Assyl AI жобасының мақсаттары біздің миссиямызбен толық үндеседі. Жасанды интеллект – жай ғана тренд емес, ол біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Біз бұл білімді толық игеруіміз керек, – деді Дулат Тастекеев.
Жалпы, Assyl AI жобасы IT саласындағы дарынды жастардың қабілетін ашуға және өздерін осы салада жүзеге асыруына көмектесуге бағытталған. Сонымен қатар, жасанды интеллекттің барлық салада белсенді түрде қолданылып жатқанын ескере отырып, бұл бастама кең ауқымды маңызға ие.
– Жыл басында Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтті. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектті қолданудың кешенді жүйесін жасауы керек. Осы мақсатта ASSYLTAS қоғамдық қорының қолдауымен жаңа жоба әзірленді. Біз еліміздегі ИИ саласының дамуына өз үлесімізді қосуды көздейміз. Алдымен Абай облысынан бастауды жөн көрдік, өйткені биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Студенттер топтарда жұмыс істеп, жасанды интеллект теориясын оқиды, практикалық тапсырмалар орындап, сала мамандарымен бірге тәжірибе жинақтайды, – деді Assyl AI жобасының ұйымдастырушы тобының мүшесі Қайсар Еркінбаев.
Болашаққа инвестиция: Абай облысында Assyl AI жобасы іске қосылды
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру