Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі нысандар саны бойынша Азия елдері арасында 13-орынға ие болды. Рейтингті X әлеуметтік желісіндегі танымал Asia Nexus арнасы жариялады. Автор рейтингті жасау барысында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының деректеріне сүйеніп, мәдени, табиғи және аралас нысандарды есепке алған.
Қазіргі таңда Қазақстанның аталған тізімде жеті нысаны бар. Дәл осындай көрсеткішпен Моңғолия да Қазақстаннан кейінгі орында тұр.
Қытай мен Үндістан көш бастап тұр
Рейтингтің бірінші сатысында Қытай орналасқан. 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Бүкіләлемдік мұра комитетінің сессиясында елдің тізімдегі 61-нысаны тіркелді. Ол – бірнеше ғасыр бойы фарфор өндірісі дамыған Цзиндэчжэнь қаласының өнеркәсіптік мұрасы. Мұнда X-XIX ғасырлар аралығында жұмыс істеген фарфор өндірісінің тұтас жүйесі сақталған.
«Қытайдың Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосқан үлесі айрықша», – деді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығы номинациялар бөлімінің басшысы Алессандро Бальзамо. Оның айтуынша, Қытай нысандарының саны ғана емес, алуан түрлілігі де ерекше назар аудартады.
Екінші орында Үндістан тұр. Сол сессияда елдің 45-нысаны ретінде ежелгі буддалық Сарнатх кешені тізімге енгізілді. Аңыз бойынша, Будда ағартушылыққа қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы уағызын дәл осы жерде айтқан.
Көшбасшы елдердің тізімі жаңа нысандармен толықты
Биыл Бүкіләлемдік мұралар тізіміне рейтингтің алдыңғы қатарындағы өзге мемлекеттердің де нысандары енгізілді. Иранның Аламут қамалы мен оған қатысты қорғаныс құрылыстары, ал Жапонияның ежелгі Асука-Фудзивара астанасы тізімге қосылды.
Биылғы сессияны рейтингте 17-орында тұрған Оңтүстік Корея қабылдады. Әр мемлекет жыл сайын тек бір номинация ұсына алады. Сондықтан көшбасшы елдер мен өзге мемлекеттер арасындағы айырмашылық біртіндеп қысқарып келеді.
Қазақстанның жетінші нысаны
25 шілдеде Маңғыстау өңіріндегі жартас мешіттері мен қасиетті орындар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізіліп, Қазақстанның жетінші нысаны атанды. Оның құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және Бекет ата жерасты мешіттері кіреді.
Вице-президент Ерлан Қарин бұған дейін бұл бағыттағы жұмыстың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, мүлде жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, аталған мешіттер тек құлшылық орындары ғана емес, сонымен қатар білім мен ағартушылықтың орталығы болған.
«Бұл жартастар халқымыздың тарихи жадын, ата-бабаларымыздың аманатын сақтап тұр», – деді ол.
Қазақстанның тізімге енген өзге нысандары
Қазақстанның ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алғашқы нысаны – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол 2003 жылы тізімге енгізілді.
Кейіннен Таңбалы петроглифтері, сондай-ақ «Ұлы Жібек жолы: Чанъань – Тянь-Шань дәлізінің желісі» атты тарихи нысан тіркелді.
Бұдан бөлек, тізімге табиғи мұралар да енді. Олардың қатарында «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері», Батыс Тянь-Шань және Тұранның қоңыржай белдеуіндегі суық қысқы шөлдері бар. Бұл нысандардың кейбірі Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан және Түрікменстан аумақтарын да қамтиды.
Моңғолияның жеті нысаны
Моңғолия да биыл жазда Пусанда өткен сессия барысында жаңа нысанға ие болды. ЮНЕСКО тізіміне ғұн ақсүйектерінің қорғандары, соның ішінде елдің шығыс бөлігінде орналасқан Дөрлиг-Нарс жерлеу кешені енгізілді. Бұған дейін Кореяның Ұлттық музейі моңғол археологтарымен бірлесіп, бұл ескерткіштерді 30 жылдан астам уақыт зерттеген.
Моңғолияның тізімге енген алғашқы нысаны – 2003 жылы тіркелген Увс-Нуур көлінің қазаншұңқыры. Кейіннен Орхон аңғарының мәдени ландшафты, Моңғол Алтайының петроглифтері, қасиетті Бурхан-Халдун тауы және Даурия ландшафттары тізімге қосылды.
Сондай-ақ Хангай жотасының баурайында орналасқан қола дәуіріне тиесілі бұғы тастар да ерекше тарихи нысан ретінде тіркелген. Ежелгі тұрғындар оларды түрлі ғұрыптар мен жерлеу рәсімдері кезінде орнатқан.
Қазақстанның келесі номинациялары
Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін жаңа нысандар бойынша өтінімдер әзірлеуді тапсырды. Олардың қатарында Жаркенттегі ағаш мешіт, Алматыдағы Вознесенск соборы және Қаратау петроглифтері бар.
Қазіргі уақытта Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген. Бұл – нысанды толыққанды номинация ретінде ұсынудың міндетті кезеңдерінің бірі.
Пікір қалдыру