Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) әзірлеген 2026 жылғы саяхат және туризмді дамыту рейтингінде 110 елдің ішінде 56-орынға ие болды. Ел 7 балдың ішінен 4,09 балл жинап, бәсекеге қабілетті әрі тұрақты туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасау көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті.
Саяхат және туризмді дамыту индексі (Travel & Tourism Development Index, TTDI) туристер саны мен саланың табысын емес, елдегі туризмді дамытуға жасалған жағдайларды бағалайды.
Рейтингті қалыптастыру барысында 17 бағытқа топтастырылған 102 көрсеткіш ескерілген. Олардың қатарында көлік қатынасының қолжетімділігі, инфрақұрылым сапасы, туризм саласындағы мемлекеттік саясат, инвестициялық тартымдылық, табиғи және мәдени ресурстар, сондай-ақ экологиялық тұрақтылық бар.
Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан 4,09 балл жинап, әлемдік рейтингте 56-орынға тұрақтап, көш бастады.
Өңірде екінші орынды Өзбекстан иеленді. Көрші ел 3,69 балл жинап, әлемдік рейтингте 76-орынға орналасты.
Қырғызстан 3,44 баллмен 93-орынға тұрақтады. Ал Тәжікстан мен Түрікменстан зерттеуге енгізілмеген.
Әлемдік рейтингте 5,27 балл жинаған Жапония көш бастады. Екінші орынды АҚШ (5,23 балл), үшінші орынды Испания (5,22 балл) иеленді. Үздік ондыққа сондай-ақ Аустралия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Швейцария және Италия кірді.
Рейтингтің төменгі сатысында Мали, Сьерра-Леоне және Камерун мемлекеттері орналасты.
Бұған дейін Қазақстан халық пен бизнеске арналған мүмкіндіктер рейтингісінде үздік 50 елдің қатарына енген болатын.
Сонымен қатар еліміз әлемдегі ең ықпалды 35 мемлекеттің қатарына кірді.
Пікір қалдыру