Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды

Италиядағы XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында жүлдегерлер анықталды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров өзінің еркін бағдарламасында рекордтық 198.64 ұпай жинап, алтын медальді жеңіп алды.

Жарыс барысында Михаил Шайдоров бірінші мәрте 5 рет төрттік секіру элементін сәтті орындай алды.

Турнирдің қорытындысы (24 қатысушы):

  • 1-орын. Михаил Шайдоров - 291.58 ұпай
  • 2-орын. Юма Кагияма (Жапония) - 280.06 ұпай
  • 3-орын. Шун Сато (Жапония) - 274.90 ұпай

Осылайша ел тарихында алғаш рет қысқы Олимпиада ойындарында бір спорт түрінен екі жүлде бұйырды. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола жүлде алған болатын.

Айта кетейік, Қазақстан атынан Олимпиаданың алтын жүлдесін сонау 1994 жылы Лиллехаммер Олимпиадасында шаңғышы Владимир Смирнов алған еді.

Қазақстан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен құттықтады.

"Михаил Шайдоровты Олимпиаданың чемпионы атануымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл — талай жылғы тынымсыз еңбек пен табандылықтың, алға қойған мақсатқа деген сенімнің жемісі. Бүгін Михаил елге зор қуаныш сыйлап, отандық мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл жетістік жас спортшыларға шабыт беріп, елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді", - дейді Ербол Мырзабосынов.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап