Бала құқығы, білім, баспана, әлеуметтік қолдау – азаматтарды алаңдатқан мәселелердің қатарында. Абай облысында «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауында тұрғындардың өтініштері тиісті сала мамандарымен бірге қаралып, әр мәселе бойынша нақты түсіндіру мен шешу жолдары ұсынылды. Ал бір азаматтың мәселесі қабылдау барысында бірден шешімін тапты.
«Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Бірыңғай тақырыптық қабылдау күні өтті.
2026 жылғы 27 қаңтарда қабылданған «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы кәмелетке толмағандардың құқықтық қорғалуын, қауіпсіздігін және әлеуметтік қолдауын қамтамасыз етуге, денсаулығын қорғауға және балалар инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 158 нақты шараны қамтиды. Бағдарлама балалар мен отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды бір жүйеге біріктіріп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Қабылдауды «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев, партияның өңірлік Әйелдер қанатының мүшелері, Отбасын қолдау орталығының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының мамандары өткізді.
Қабылдау барысында азаматтар білім беру саласындағы Ұлттық білім беру деректер базасына (ҰБДБ) қатысты, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және отбасы мәселелерін көтерді. Мамандар әр өтінішті зерделеп, азаматтарға қолданыстағы заңнама мен мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша қажетті түсіндірмелер берді.
Сол өтініштердің бірі бойынша нақты нәтиже көрсетілді. Назерке Бақтыбаева алимент алатын есепшотына қойылған тыйымды алып тастау мәселесімен жүгінді. Өтінішті Абай облысы бойынша жеке сот орындаушысы Жанарбек Мұханов қабылдау барысында бірден зерделеп, қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде есепшотқа қойылған тыйым алынып, азаматтың мәселесі сол жерде шешімін тапты.
«Алиментке арналған қаражат баланың қажеттілігіне жұмсалатындықтан, мұндай есепшоттың құқықтық мәртебесі ерекше назарды талап етеді. Өтінішті қабылдау барысында зерделеп, қажетті мән-жайды анықтадық. Нәтижесінде есепшотқа қойылған тыйымды алып тастау бойынша тиісті шаралар қабылданып, мәселе жедел шешілді», – деді Абай облысының жеке сот орындаушысы Жанарбек Мұханов.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев қоғамдық қабылдаудың негізгі мәні азаматтың мәселесін тыңдаумен шектелмей, оны шешуге ықпал ету екенін атап өтті. Бірыңғай қабылдау күні азаматтарға балалардың құқықтарын қорғау, білім алу, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және отбасы мәселелері бойынша тиісті мамандардан кеңес алуға мүмкіндік берді.
«Әділет» партиясы Абай облыстық
филиалының баспасөз қызметі бөлімі
Пікір қалдыру