Абай облысындағы «АйтClub» алаңында инклюзивті білім беру мәселелері талқыланды

Абай облысында қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму мәселелерін сарапшылармен бірге талқылауға арналған «АйтClub» интеллектуалды клубы жұмысын бастады. Алғашқы отырыс Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген басым бағыттарға арналды.

Жаңа пікірталас алаңының мақсаты – өзекті мәселелерге сараптамалық баға беру, балама көзқарастарды талқылау және өңірдің дамуына бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу.

Клубтың алғашқы отырысында цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы және инклюзивті білім беру мәселелері сөз болды.

Атап айтқанда, Alikhan Bokeikhan University аға оқытушысы, PhD кандидаты Назерке Жаукеева ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім беру, мектептерде қолайлы орта қалыптастыру және арнайы мамандар даярлау мәселелері бойынша баяндама жасады.

Оның айтуынша, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала бар. Ал Абай облысында олардың саны 6 545-ті құрайды. Өңірдегі 19 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді.

Баяндамада жаңа мектептерді инклюзивті орта талаптарына сай жобалау, арнайы педагогтер мен логопедтер даярлау, балаларға көрсетілетін қолдаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ Семей қаласында салынып жатқан инклюзивті спорт орталығының маңызы атап өтілді. Спикердің пікірінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуымен қатар, спортпен шұғылданып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына да мүмкіндік жасалуы қажет.

Кездесу барысында қатысушылар клуб жұмысының алдағы форматын да талқылады. Алдағы уақытта әр отырыс белгілі бір тақырыпқа арналып, сарапшылардың баяндамасынан кейін ашық пікірталас ұйымдастырылмақ. Кездесулерде айтылған ұсыныстар жүйеленіп, өңірдің дамуына бағытталған нақты бастамаларға айналмақ.

«АйтClub» айына кемінде бір рет бас қосып, қоғам мен мемлекет, сондай-ақ Абай облысының дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын тұрақты зияткерлік-сараптамалық алаң ретінде жұмысын жалғастырады.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап