Алакөлде туристік маусым салтанатты түрде ашылды

Бүгін Алакөл жағалауында «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі өтіп, жазғы туристік маусымның ресми ашылуына старт берілді. Шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, демалушылар мен тұрғындарды құттықтады.

Фестиваль аясында Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек, дәстүрлі әнші Дінисламбек Жайлаубай және эстрада жұлдыздары Дана Кентай, Еркеш Хасен, Қанай, Зарина Омарова өнер көрсетті.

Облыс әкімі концерттік бағдарламалар тамыз айына дейін жалғасатынын атап өтті. Әр аптаның сәрсенбі және сенбі күндері өңір өнерпаздары Алакөл қонақтарына арнайы концерт ұсынады.

Туристік маусым қарсаңында жағалауда инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілді. 50-ден астам санитарлық торап, 35 душ кабинасы, 110 киім ауыстыру орны орнатылып, қауіпсіздік үшін 224 бейнебақылау камерасы іске қосылды.

Сондай-ақ Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 72 шақырым болатын «Көктал – Алакөл» электр желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба жағалаудағы электр қуаты тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.

Мерекелік кеш отшашумен аяқталды.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап