🚉Семейдегі теміржол вокзалы аумағында жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі теміржол вокзалын қайта жаңғырту және теміржол желілері арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысымен танысты. Аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап, жауапты тұлғаларға құрылыс қарқыны мен сапасына қатысты тапсырмалар берді.

📤Семей теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта вокзал алдындағы аумаққа тақтатас төсеу жұмысы басталған. Вокзал ғимаратының қасбетін қаптау, витраждық әйнектер орнату, ішкі әрлеу, керамикалық плиткалар төсеу, эскалатор, лифт орнату және перрон бөлігін жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Теміржол жолын салу жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Ерекше атап өтерлігі, қазір вокзал аумағында жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс биыл 10 қыркүйекте басталған, аяқталу мерзімі желтоқсан айына белгіленген.

Бұрынғы жаяу жүргіншілер көпірінің орнына салынып жатқан көлік өткелінің ұзындығы - 209 метр, биіктігі - 4,5 метр. Көпірге 11 тірек орнатылады. 

Жолаушылардың қолайлы әрі қауіпсіз қатынауы үшін оның төбесі мен екі қапталы толық жабылады. Қазіргі уақытта көпірдің екі шетіне негізгі тіректер орнатылды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы үшін көпірдің екі жағында лифт орнату қарастырылған.

Аймақ басшысы теміржол вокзалын жаңғырту мен жаяу жүргіншілер көпірін салу жұмыстарының маңызын атап өтіп, нысандағы құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

«Тұрғындар әлеуметтік желілерде теміржол вокзалы мен оның айналасындағы құрылыс жұмыстарының қашан аяқталатынын үнемі сұрайды. Бұрын жолаушылар теміржол арқылы өтетін көпірмен тікелей қатынайтын. Қазір айналма жолмен жүруге мәжбүр. Сондықтан құрылыс жұмыстарын кешіктірмей аяқтап, жаяу жүргіншілердің кедергісіз өтуіне жағдай жасау қажет. Алдағы бір айдың ішінде барлық жұмысты аяқтауды тапсырамын. Құрылыс барысын тұрақты қадағалап отырамын», – деді Берік Уәли.

Қазір вокзалда конкорстық өткел де салынып жатыр. Семей вокзалын қайта жаңғыртудың бастапқы жобасында конкорстық өткелді салу қарастырылмаған болатын. Облыс әкімдігінің бастамасымен жолаушылардың теміржол жолдарынан екіншісіне қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуін қамтамасыз ету мәселесі Көлік министрлігімен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен пысықталып, өткел құрылысын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

📈Семейде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту аясында өткелдерді жөндеуге де басымдық берілген. Қала аумағында 30-дан астам теміржол өткелі бар. Көктемде Речников көшесіндегі өткел пилоттық жоба ретінде жөнделді. Қазіргі уақытқа дейін Қаржаубайұлы көшесіндегі бір, Лебаев көшесіндегі екі, Мичурин көшесіндегі үш және Титов көшесіндегі бір өткелде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін Дулатов көшесіндегі өткелдерді жөндеу көзделген. Жалпы биыл кемінде 9 теміржол өткелін жөндеу жоспарланып отыр.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап