Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам дамуының негізгі бағдарларын айқындап, адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, жалпыұлттық бірлік, жауапты патриотизм, ғылым мен білімді дамыту сияқты басты құндылықтарды біртұтас жүйеге біріктіреді.
«Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары – мемлекеттік органдар қызметінің негізгі стандарты
Бұл қағидаттар азаматтардың мінез-құлқына қойылатын талап қана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметінің міндетті өлшемі болуы тиіс. Әрбір мемлекеттік орган өз қызметінде заңдылықты, ашықтықты және азаматтар алдындағы жауапкершілікті басшылыққа алуы қажет.
Заңнаманың сапасы – Конституция талаптарын жүзеге асырудың басты шарты
Заңнама конституциялық нормаларды формалды түрде қайталап қана қоймай, олардың іс жүзінде орындалуын және адам құқықтарының тиімді қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Құқықтық нормалар түсінікті әрі болжамды болып, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен шешімдеріне шағымдану тетіктерін нақты айқындауы маңызды.
Азаматтардың 18 мыңнан астам өтініші конституциялық бақылаудың маңызын көрсетеді
Конституциялық Сотқа жүгінушілердің шамамен 99 пайызын азаматтар құрайды. Бұл конституциялық бақылаудың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызды тетік екенін көрсетеді. Бір мазмұндағы өтініштердің қайталануы заңнамадағы жүйелі кемшіліктерді анықтауға және оларды заңнамалық деңгейде шешуге мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция салалық заңнаманы кешенді жаңартуды талап етеді
Бұл бағытта азаматтық, азаматтық процестік, қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнаманы жетілдіру басымдыққа ие. Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында меншік құқығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, шарт еркіндігі, теңдік және құқықтық шектеулердің мөлшерлестігі жөніндегі конституциялық кепілдіктер ескерілуі тиіс.
Конституциялық-құқықтық мәдениет – жаңа Конституцияны іске асырудың маңызды негізі
Негізгі заңның талаптарын жүзеге асыру азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуімен ғана шектелмейді. Сонымен қатар әрбір адам өз құқықтарын қорғау жолдарын түсініп, заң талаптарын сақтауда жеке жауапкершілікті сезінуі қажет.
Осыған байланысты конституциялық-құқықтық ағарту жұмыстарын күшейту, мемлекеттік қызметшілердің, судьялардың, адвокаттардың және өзге де мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру мемлекеттік саясаттың тұрақты бағытына айналуы тиіс.
Конституцияның үстемдігі – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі
Әрбір мемлекеттік орган өз өкілеттігі шегінде әрекет етуге міндетті. Ал қабылданатын әрбір нормативтік құқықтық акт Конституцияға тек нысаны жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да сәйкес болуы қажет.
Конституцияны заңнамада іске асырудың басты нәтижесі қабылданған заңдардың санымен емес, олардың адам құқықтарын қорғау, заңдылықты нығайту және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру қабілетімен бағалануы тиіс.
Осылайша, жаңа Конституцияның қағидаттарын толық жүзеге асыру – мемлекеттік органдардың да, жалпы қоғамның да ортақ міндеті.
Пікір қалдыру