Өткен бір жыл Абай облысы үшін жай ғана есептік кезең емес, өңір дамуының бағыты айқындалған жаңа белес ретінде есте қалды. 2025 жылғы 17 ақпанда облыс тізгінін қолына алған Берік Уәли басқаруда нақты нәтижеге және халықтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін салаларға басымдық берді.
Алғашқы күндерден бастап қордаланған мәселелерді жүйелі шешу жолға қойылды. Семей қаласындағы жылу нысандары толық тексеріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны кезеңіне дайындық күшейтіліп, облыс көктемгі сынақты қауіпсіз еңсерді. Қаланы дамытуға арналған апта сайынғы кеңестер жеделдік пен жауапкершілікті арттырған тұрақты басқару форматына айналды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру да басты бағыттардың бірі болды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында тұрғындар кең көлемде жұмылдырылып, елді мекендер тазартылды. Ал Smart City жобасының таныстырылуы облыс орталығында цифрлық басқарудың жаңа кезеңін айқындады. Жоба Семей қаласының солтүстік бөлігіндегі 1200 гектардан астам аумақта жүзеге асырылады. Мұнда 75 мың тұрғынға арналған заманауи тұрғын үй кешендері және 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық, әлеуметтік нысандар салынады.
Мемлекет басшысының қолдауымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай басталған «Абайға құрмет» республикалық акциясы өңірге айрықша серпін берді. Бүгін облыс әкімдігі акция аясындағы жобаларды жүзеге асыру бағытында өңірлермен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бірқатар облыстар мен қалалар нақты нысандардың құрылысын бастап кетті. Нәтижесінде жаңа шағын аудан ғана емес, облыс орталығының түрлі аумақтары абаттандырылып, жаңа келбетке еніп келеді.
Акцияға ірі инвесторлар да қолдау көрсетіп жатып. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда 25 мың көрерменге арналған стадион құрылысын бастады. Сонымен қатар жеке қоғамдық қор есебінен 5 мың адамға арналған мешіттің іргетасы қаланды. Басқа да ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Экономикада оң динамика байқалады. Былтырғы 9 айдың қорытындысында облыстың жалпы өңірлік өнімі 101,5 пайызды құрап, 2 трлн 385,8 млрд теңгеге жетті. Өңір экономикасының 12 негізгі көрсеткішінің 10-ында өсім қамтамасыз етілді:
• ауыл шаруашылығы – 101,1 %;
• өңдеу өнеркәсібі – 102,9 %;
• ішкі сауда – 103,5 %;
• тұрғын үйді пайдалануға беру – 105,8 %;
• байланыс – 106 %;
• құрылыс – 106,2 %;
• инвестициялар – 106,8 %;
• көлік саласы – 125,9 %.
Мемлекеттік бюджетке 648,7 млрд теңге салық түсті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 135,5 пайызға артық. Меншікті кірістердің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орында тұр.
Инфрақұрылым саласында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер қозғала бастады. Көпірлер жөнделіп, негізгі жолдар жаңғыртылды. «Қалбатау – Майқапшағай» автожолының іске қосылуы өңірлік логистикаға серпін берді.
Өткен маусымда Семейде өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумына 500-ге жуық кәсіпкер қатысты. Жалпы құны 336 млрд теңгені құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Нақты нәтижелердің бірі – Жаңа жыл қарсаңында ашылған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақүй-мейрамхана кешені. Жоба құны – 5,7 млрд теңге, 105 жаңа жұмыс орны құрылды.
Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілуде. «Eurasia Agro Semey» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 7,7 млрд теңге. Сонымен қатар «Qazaq Astyq Group» компаниясы құны 7,1 млрд теңге болатын күнбағыс майын тазарту, құю және қаптау цехын салып жатыр.
Өткен жылы іске асырылған жобалар саны 29-дан 101-ге дейін артты. Жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, 391 жұмыс орны ашылды. 605,5 млрд теңгені құрайтын 48 жобадан тұратын өңірлік инвестициялық пул қалыптастырылды.
Денсаулық сақтау саласында 65 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны пайдалануға берілді. Облыстық жедел жәрдем стансасына 10 санитарлық автокөлік тапсырылды. Лизингтік қаржыландыру арқылы Hyundai, JAC және «Газель» маркалы 100 санитарлық автокөлік сатып алынды. 2025 жылы материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға 6,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Білім саласында 4 заманауи мектеп ашылды:
• Бесқарағай ауданында – 300 орындық;
• Аягөз ауданында – 600 орындық;
• Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында – 1200 орындық;
• Водный кентінде – 600 орындық.
Сондай-ақ Восточный кентінде 300 орындық мектеп құрылысы аяқталды.
Желтоқсан айында Семейде 500 балаға арналған, ауысыммен 1500 оқушыға дейін қабылдай алатын Оқушылар сарайы ашылды. 7,6 млрд теңге қаржы бөлініп, еліміздегі 10-ыншы Оқушылар сарайы пайдалануға берілді.
Мәдени өмірде де даму бар. Абайдың 180 жылдығы аясында 100-ден астам халықаралық, республикалық және өңірлік іс-шара ұйымдастырылды.
Туризм бағытында Алакөл жағалауында ауқымды абаттандыру жұмыстары басталды.
Ауылдарды дамытуға бағытталған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы әзірленуде. Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға жеңілдетілген несие беру, бизнес ашу, баспанамен қамту және мал шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері қарастырылған.
Бір жыл ішінде басқарудың нәтижеге негізделген моделі қалыптасты. Инфрақұрылым жаңарып, экономикаға инвестиция тарту күшейіп, әлеуметтік саясат нақты іспен дәлелдене бастады. Бұл бастамалар алдағы кезеңде өңір дамуының берік іргетасына айналмақ.
НӘТИЖЕГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЖАҢА КЕЗЕҢ: ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ БІР ЖЫЛДЫҚ БЕТБҰРЫСЫ
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру