Абай облысы: жаңа өндіріс орындары, әлеуметтік нысандар және инфрақұрылымның дамуы

Абай облысында экономиканы дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.
Өнеркәсіп пен экономиканы дамыту
Семей қаласында «Qazaq Astyq Group» ЖШС-нің тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехы ашылды. Жобаның құны – 8,4 млрд теңге. Кәсіпорында 104 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Жаңасемей ауданында жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдерін өндіретін ет комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорында консервілер, шұжық өнімдері, жартылай фабрикаттар мен ет деликатестерін шығару жоспарланған.
Білім беру және әлеуметтік саладағы жаңа нысандар
Семей қаласының Шығыс кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық №53 орта мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасында 30 оқу кабинеті, екі информатика кабинеті, робототехника кабинеті, сондай-ақ химия, физика және биология зертханалары жабдықталған.
Семей қаласындағы №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының аумағында Мемлекеттік арнайы қор қаражаты есебінен 100 адамға арналған жаңа нысан салынды. Ғимаратта емдеу-еңбек шеберханалары, медициналық кабинеттер, асхана, буфет, шаштараз, кітапхана және жатын бөлмелер қарастырылған.
Семей қаласында 210 бала білім алатын көпсалалы Оқушылар сарайы жұмыс істейді. 2026 жылы нысан қалалық «Оқушылар сарайы» КМҚК теңгеріміне берілді.
Спорт инфрақұрылымын дамыту
Семей қаласының Су қоймасы кентінде жыл бойы спортпен шұғылдануға арналған екі қабатты спорт кешені ашылды. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол және футзалға арналған әмбебап зал, ал екінші қабатта күрес залы орналасқан.
Абай ауданының Көкбай ауылында да жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Нысанның жалпы ауданы – 1 200 шаршы метр. Оның 628 шаршы метрі спорт залына, 572 шаршы метрі әкімшілік-тұрмыстық бөлмелерге арналған. Кешен бір мезетте 72 адамды қабылдай алады.
Жол қауіпсіздігі және абаттандыру
«Омбы – Майқапшағай» халықаралық автожолының бойындағы Байбура асуында жылыту пункті ашылды. Ол жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілер мен жолаушыларды уақытша орналастыруға, сондай-ақ арнайы техниканың жұмысын қамтамасыз етуге арналған.
«Абайға құрмет» акциясы аясында жалпы аумағы екі гектарды құрайтын «Рәміздер алаңы» салынды. Мұнда Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран біртұтас сәулеттік ансамбль ретінде ұсынылған.
Ауылдық жерлерге қоныс аударуды қолдау
Өңірде қала тұрғындарын ауылдық жерлерге көшіруге бағытталған «Қаладан ауылға» жобасы жүзеге асырылуда. Қоныс аударушыларға қолданыстағы мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалар арқылы баспана алуға, жеке кәсіп ашуға және мал сатып алуға қолдау көрсету қарастырылған.
Бекітілген көрсеткіштерге сәйкес, бір ай ішінде Абай облысының ауылдарына 500 отбасын көшіру жоспарланған. Есепті аптада 522 отбасы, яғни 1 716 адам қоныс аударды. Осылайша, жоспар 104 пайызға орындалды.
Аталған жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Абай облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.



Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап