⚡️Семей қаласындағы Жамақаев және Чехов көшелерін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Халықаралық даму саласындағы ынтымақтастық агенттігінің делегация мүшелерімен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық аясында Семей қаласындағы Жамақаев және Чехов көшелерін қайта жаңғырту және өзге де бірнеше жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

«Былтырғы жаз айында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Астанаға ресми сапармен келгенде Қазақстан Республикасының Президентімен маңызды келісімдерге қол жеткізген болатын. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстанға 200 млн юань, яғни, 14 миллиард теңге көлеміндегі өтеусіз грант беретінін айтқан еді. Біз Мемлекет басшысына сол грантты жаңадан құрылған Абай облысына беру жөнінде ұсыныс білдіріп, сұранысымыз қолдау тапқан болатын. 2025 жылғы 30 тамызда Тяньцзинь қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында грантты бөлу жөнінде келісімге қол қойылды. Бүгін, міне, облысымызға осы грантты қандай жобаларға бөлу бойынша арнайы жұмыс тобы келіп отыр. Осы келісім аясында бөлінетін қайтарымсыз грант қаражатын Семей қаласындағы Жамақаев және Чехов көшелерін реконструкциялау және басқа да жобаларға бағыттау жөнінде тиісті ұсыныстарымызды бердік. Сіздерге Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға және елімізде маңызды жобалардың жүзеге асуына қосып келе жатқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Аталған жобаның Семей қаласы үшін стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор», – деді Берік Уәли.

🌐Бүгінде Семей қаласын екі бөлікке бөліп тұрған теміржол желісіне байланысты көлік қозғалысы санаулы өткелдер арқылы жүзеге асырылады. Соның салдарынан Қабанбай батыр және Абай көшелерінде көлік кептелісі жиі болады. Осы мәселені шешу мақсатында Қаржаубайұлы көшесінен Чайковский көшесіне дейінгі Жамақаев және Чехов көшелерін қайта жаңғырту жобасы әзірленуде.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 1,5 шақырым болатын жол мен теміржол үстінен өтетін жол өткелін салу көзделген. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, автотұрақтар ұйымдастыру, көшелерді жарықтандыру, инженерлік желілерді қайта орналастыру, жаңбыр суын бұру жүйесін салу және іргелес аумақтарды абаттандыру жоспарланған. 

Жобаны жүзеге асыру қаланың жол және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын аудандар мен жаңа тұрғын үй кешендеріне көлік қатынасын жақсартуға, сондай-ақ, Қабанбай батыр көшесі мен қаланың өзге де орталық көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

🔗Кездесу соңында аймақ басшысы облыс әкімдігі жобаны жүзеге асыру үшін заңнама аясында қажетті жұмыстарды жүргізуге және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қытай тарапымен осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін атап өтті.

Қытай тарапы кездесу барысында айтылған ұсыныстарды жан жақты зерделеп, тиісті ұсыныстарын беретін болады.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап