От автотрасс до железных дорог: как меняется транспортная инфраструктура Казахстана

Соңғы жеті жылда Қазақстанда 36,3 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңартылып және жөндеуден өтті. Сонымен қатар еліміздің теміржол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, 2019–2025 жылдар аралығында Қазақстанда 5,2 мың шақырым автомобиль жолының құрылысы мен реконструкциясы аяқталды.

Оның ішінде Астана – Павлодар – Семей бағыты бойынша «Орталық – Шығыс» көлік дәлізі, Астананың оңтүстік-батыс айналма жолы, сондай-ақ Бейнеу – Ақжігіт, Таскескен – Бақты, Қостанай – Денисовка, Үшарал – Достық және Қандыағаш – Мақат автожолдарының учаскелері бар.

2019 жылы құрылыс және реконструкциялау жобалары бойынша 641 шақырым жол пайдалануға берілсе, 2020 жылы – 378 шақырым, 2021 жылы – 198 шақырым, ал 2022 жылы – 120 шақырым болды.

2023 жылы бұл көрсеткіш 856 шақырымды, 2024 жылы 2 206 шақырымды, ал 2025 жылы 778 шақырымды құрады. Осылайша, соңғы жеті жылдағы ең ауқымды жұмыс 2024 жылы атқарылды.

2024 жылы Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань және Меркі – Бурылбайтал автожолдарындағы жұмыстар аяқталды.

Сол жылы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы да аяқталды. Жобаның жалпы ұзындығы 19,9 шақырымды құраса, оның 1,3 шақырымы тікелей көпірге тиесілі.

Сонымен қатар Шамалған станциясын айналып өтетін ұзындығы 6 шақырымдық жол мен Түркістан облысындағы ұзындығы 840 метрлік тоннель құрылысы аяқталды.

Астананың ұзындығы 34 шақырымды құрайтын оңтүстік-батыс айналма жолы 2020 жылы пайдалануға берілген болатын.

2025 жылы қандай жолдар жаңартылды?

Аяқталған учаскелердің ішіндегі ең ұзыны – ұзындығы 405 шақырымды құрайтын Қалбатау – Майқапшағай автожолы.

Қызылорда – Жезқазған бағытында 192 шақырым, Подстепное – Федоровка учаскесінде 72 шақырым, Құрты – Қонаев бағытында 67 шақырым жолдағы жұмыстар аяқталды.

Сондай-ақ Ұзынағаш – Отар бағытында тағы 42 шақырым жол пайдалануға берілді.

Республикалық маңызы бар жолдар қалай жөнделді?

Соңғы жеті жылда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 9 мың шақырымы жөндеуден өтті.

2019 жылы жөндеу жұмыстары 1,1 мың шақырымды, 2020 жылы 1 мың шақырымды, 2021 жылы 700 шақырымды қамтыды.

2022 жылы 1,1 мың шақырым, 2023 жылы 1,2 мың шақырым жол жөнделді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,5 мың шақырымға дейін өссе, 2025 жылы 2,4 мың шақырымға жетті.

Облыстық және аудандық маңызы бар қанша жол жаңартылды?

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында соңғы жеті жылда құрылыс және жөндеу жұмыстары 22,1 мың шақырымды қамтыды.

2019 жылы жұмыстар 2,4 мың шақырымда, 2020 жылы 2,8 мың шақырымда, 2021 жылы 2,6 мың шақырымда аяқталды.

2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдардың 3 мың шақырымында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2023 және 2024 жылдары әрқайсысында 3,6 мың шақырым жол жаңартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,1 мың шақырымды құрады.

Қандай теміржол желілері салынды?

Соңғы жеті жылда Қазақстанда 911 шақырым жаңа теміржол жолы салынды. Оның құрамына Достық – Мойынты учаскесі мен Алматы станциясының айналма теміржол желісі кіреді.

Достық – Мойынты учаскесінің ұзындығы 836 шақырымды құрайды. Бұл жоба Қазақстан мен халықаралық көлік дәліздері арасындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал ұзындығы 75 шақырым болатын Алматы станциясының айналма теміржол желісі қалалық теміржол торабындағы жүктемені азайтып, еліміздің оңтүстігіндегі жүк тасымалының тиімділігін арттыруға ықпал етті.

Теміржол саласындағы жұмыстар қай бағыттарда жалғасуда?

Қазіргі уақытта Қазақстанда тағы 800 шақырым теміржол жолының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстар Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз бағыттарын қамтиды.

Сонымен қатар қолданыстағы 2,6 мың шақырымға жуық теміржол жолы жаңғыртылуда. Жұмыс жүргізіліп жатқан учаскелер қатарында Алтынкөл – Жетіген және Бейнеу – Маңғыстау бағыттары бар.

Қызылжар – Сексеуіл, Қандыағаш – Тобыл, Ақсу-1 – Дегелең – Жаңа-Семей, Шалқар – Бейнеу және Әлімбет – Никельтау учаскелерінде пойыздар қозғалысын реттеудің жаңа жүйелері енгізілуде.

Аталған теміржол жобаларын 2026–2027 жылдары аяқтау жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары магистральдық желінің өткізу қабілетін арттырып, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап