Семейде IT және жасанды интеллект мүмкіндіктері таныстырылған Open Fest өтті

IT-технологиялар мен жасанды интеллект өмірімізге берік еніп, күнделікті міндеттерді біздің басқаруымызбен шешетін таптырмас көмекшіге айналды. Бұл тек уақытты үнемдеу ғана емес, сонымен қатар айтарлықтай мультипликативті әсер береді. Бүгінгі Open Fest шарасы Semey Hub пен Tomorrow School қолдауымен ұйымдастырылды.

IT пен жасанды интеллекттің арқасында орасан зор көлемдегі деректерді қысқа мерзімде өңдеуге мүмкіндік туды. Бұл деректер стратегиялық жоспарларды қалыптастыру кезінде пайдаланылады. Әрине, IT құралдарын қолдану мұнымен шектелмейді. Олардың білім беру саласында да әлеуеті зор, сондай-ақ басқа да маңызды әрі қызықты мүмкіндіктері бар.

Tomorrow School алаңында өткен Open Fest-ті ашқан «Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жасанды интеллект бөлімі басшысы Бақытбек Орынбаев жасанды интеллекттің даму әлеуеті зор екенін атап өтті.

- «Болашақ жасанды интеллект технологиялары мен робототехникаға тиесілі десек, қателеспейміз. Бүгінгі іс-шара жаңа білім алуға және өз қабілеттерін жетілдіруге жақсы серпін береді деп ойлаймын. Біз Абай облысы IT саласындағы үздік мамандардың мекеніне айналатынына сенеміз. Бұл мамандардың қатарына қосылу өте оңай – іс-шараларға қатысып, жаңа білім алып, жаңа таныстықтар орнату қажет», – деді Бақытбек Орынбаев.

Open Fest барысында Абай облысының тумалары болып табылатын әзірлеушілер өздерінің стартаптары мен IT саласындағы алғашқы қадамдары туралы айтып берді. Сонымен қатар спикерлер қонақтар мен іс-шара қатысушыларына IT саласында жұмыс істеудің қыр-сырын түсіндіріп, жасанды интеллекттің даму перспективалары туралы өз болжамдарымен бөлісті.

Семей қаласындағы «Astana Hub» АКФ филиалының директоры Анет Тұрсынжан IT саласы туралы көбірек білгісі келетіндер білімін жетілдіріп қана қоймай, жаңа достар таба алатынын атап өтті.

- «Бізде білім алуға барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында қосымша кабинеттер мен кампустар ашуды жоспарлап отырмыз. Оқудан бөлек, қызығушылықтары бойынша түрлі клубтар жұмыс істейді. Яғни білім алу барысында сіздер тек жаңа білім алып қана қоймай, өз комьюнитиіңізді құра аласыздар немесе бұрыннан бар қауымдастықтарға қосыла аласыздар», – деді Анет Тұрсынжан.

IT саласына келген әр адамның өз тарихы мен қызығушылығы бар. Алайда олардың барлығын білімге деген ұмтылыс пен отандық IT саласын дамытуға деген ниет біріктіреді.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап