Семей қаласында 2022 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Абай Жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама - өңір жастарын әлеуметтік қолдауға бағытталған тиімді мемлекеттік бастамалардың бірі және жастардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруды көздейді. Бұл туралы толығырақ Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы Маржан Мақсұтқан баяндады.
- Бағдарламаның негізгі артықшылықтарының бірі – жастар үшін қолайлы қаржылық шарттардың ұсынылуы. Атап айтқанда, бастапқы жарнаның 10 пайыз көлемінде белгіленуі және жылдық несиелік мөлшерлеменің 5 пайыз болуы жас отбасылар мен жас мамандар үшін тұрғын үй алу мүмкіндігін айтарлықтай жеңілдетеді. Ипотекалық несиенің 19 жылға дейінгі мерзімге берілуі қаржылық жүктемені оңтайландыруға мүмкіндік береді, - деді спикер.
Сонымен қатар бағдарлама қатысушыларына тұрғын үйді таңдау еркіндігі қарастырылған. Пәтерді бастапқы нарықтан да, екінші нарықтан да сатып алу мүмкіндігі бар, бұл қатысушылардың жеке қажеттілігі мен қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы тұрғын үй таңдауына жағдай жасайды.
- Бағдарлама әлеуметтік маңызы бар салаларда еңбек ететін жастарды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлер бағдарламаның негізгі қатысушылары болып табылады. 2025 жылға арналған бағдарламаға қатысу үшін өтінім қабылдау 2026 жылғы 5 қаңтарда басталып, 12 қаңтар аралығында жүргізілді. Осы кезеңде барлығы 296 өтінім қабылданды. Нәтижесінде 30 қатысушы «Отбасы банк» АҚ жолдама алып, төлем қабілеттілігін растау рәсімінен өткеннен кейін тұрғын үйді таңдап, ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік алады, - деп атап өтті бөлім басшысының міндетін атқарушы.
«Абай Жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының қорытындысы жарияланды
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру