БАСПАСӨЗ ХАТШЫҒА ДА «КӨКЕ» КЕРЕК...

Баспасөз хатшылығына ешкім арнайы дайындалып келмейді. Бұл мамандыққа бөлек оқуға түсіп, диплом алып шығатын жол жоқ. Бірі журналистикадан келеді. Бірі филологиядан. Бірі мүлде басқа саладан ауысып жатады. Ал кейбірі бұл жұмысқа өзі байқамай кіріп кетеді. Ал кейбірі өзі байқамай топ ете түседі. Мен де солардың бірімін. Негізгі мамандығым — қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Өмір мені ақпарат әлеміне алып келді. Сол уақыттан бері анық түсінгенім, баспасөз хатшысын университет емес, өмірдің өзі тәрбиелейді. Нақтырақ айтқанда, бұл – мінез бен болмыс сыналатын жол. Нағыз «тар жол, тайғақ кешудің» өзі.   

Сырт көзге бұл жұмыс жеңіл көрінуі мүмкін. Релиз жазасың. Парақша жүргізесің. Ақпарат жариялайсың. Сұхбат ұйымдастырасың. Брифинг өткізесің. Көпшілік үшін баспасөз хатшының міндеті осы жерден басталып, осы жерден аяқталады. Ал шын мәнінде көзге көрінбейтін жүгі әлдеқайда ауыр. Лаулап тұрған оттың ортасында жүргеніңді кейін аңғарасың. Себебі бір мекеменің беделі бір ауыз сөзге, бір әрекетке, уақытында берілген не берілмеген ақпаратқа байланып тұрады.    

Қазір қоғам мемлекеттік мекеменің жұмысын әлеуметтік желідегі парақшасынан таниды. Сол жердегі әр ақпарат бүтін бір жүйенің бейнесін қалыптастырады. Өкінішке қарай, біздің өңірде әлі күнге дейін баспасөз хатшының рөлі толық бағаланбай келеді. Баспасөз хатшы - жай ғана ақпарат тарататын адам емес. Ол — мекеменің қоғам алдындағы үнін жеткізетін, мекеме беделін күн сайын қалыптастырып отырған маман. Қоғам мен мекеменің арасындағы көпір.

Кейде баспасөз хатшының міндетін басшыны қорғаумен шатастырып жатады. Мен бұған келіспеймін. Баспасөз хатшы — басшының көмекшісі емес, мекеменің ақпараттық саясатын қалыптастыратын адам. Оның міндеті — халық пен мекеменің арасын алыстату емес, жақындату. Халықтың сөзін мекемеге, мекеменің сөзін қоғамға дәл жеткізу. Бұқаралық ақпарат өкілдері ақпарат іздейді, саралайды, таратады. Ал сол ақпараттың үлкен бөлігі мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдарға келіп тіреледі. Міне, осы тұста журналист пен қоғамға жауап беретін адам — баспасөз хатшы. Оның жұмысы тек мекеменің имиджіне әсер етіп қоймайды. Қоғамдағы ашықтыққа, сенімге де әсер етеді.

Әсіресе білім саласының жүгі ауыр. Реформасы көп, ауқымы кең. Күн сайын мыңдаған мәселе қатар жүреді. Ақпараттың ішінде жүрген соң, көбіне көзге ілігетіні – негатив жаңалықтар. Дау, шағым, түсініспеушілік... Мұның бәрі адамның денсаулығына, жанына салмақ түсірмей қоймайды.  Күн сайын әлеуметтік желіде ата-ананың шағымы, мұғалімдердің назы, оқушыға қатысты мәселелер шығады. Ондайда ақпаратты күтіп отырмайсың. Бірден жауапты адамдарға хабарласасың. Мән-жайды анықтайсың. Шешілуіне ықпал етуге тырысасың. Себебі мен үшін коммуникация — мәселе шыққаннан кейін жауап жазу емес, коммуникация — мәселені ертерек көру, оны сезу, үлкейіп кетпей тұрып шешуге тырысу. Кейде осы жерде қынжыласың. Неге адам міндетті түрде әлеуметтік желіге жазып, шу шыққан соң ғана мәселесі шешілуі керек деп ойлайсың. Егер мәселе көрініп тұрса, неге оны сол сәтте шешпеске? Шын мәнінде ең мықты пиар — уақытында шешілген мәселе. Артық мақтаусыз, жасанды жарнамасыз. Халық нәтижені өзі көріп, өзі бағалағаны – нақты көрсеткіш.  Осы жұмыста жүріп түсінгенім — коммуникацияның ең үлкен күші сенімде. Ал сенімді сақтау оңай емес.

Баспасөз хатшының жұмысында ең маңыздысы жылдамдық та емес. Әркімнің жылдамдығы әр түрлі. Ең маңыздысы — баспасөз хатшының негативке деген көзқарасы, қоғамдық пікірге деген көзқарасы. Сол ақпаратты қалай қабылдайсың, қалай түсіндіресің, қандай ұстаным ұстайсың — бәрі шешуші рөл атқарады. Бұл жұмыста ретсіздік — қалыпты нәрсе. Бірақ сол ретсіздіктің ішінде сабыр сақтап қалу — үлкен өнер. 

Баспасөз хатшысы да адам. Кейде осы қарапайым шындықты ұмытып кетеміз. Тоқтамайтын батарея салып алған робот емес. Керемет ақыл мен парасат иесі немесе бір көзсіз ерлік жасайтын қаһарман деп те ойлаудың қажеті жоқ. Ол да ауырады, шаршайды, ұйқысы қанбайды, кейде балаларын ұйықтатпай жұмыста жүреді, сөз естиді, іштей күйзеледі, күледі, жылайды, көмектескісі келіп тұрып, қолынан ештеңе келмей қалады, демалыста да телефонын өшіре алмайды, баласының «мама, ерте келші» деген сөзін естіп тұрып, жұмысқа кетеді, көп нәрсеге үлгермейді,  бірақ бәріне дайын жүреді. Қысқасы, біле тұра бүлінеді, жығыла жүріп жарқырайды. Бәрі шытынап, қирап жатса да, дым болмағандай жүре беруді үйренеді. Шыдамы мен білімі қатар сыналатын күнделікті қарбаластың қақпанына түсіп жүреді.  

Көп адам баспасөз хатшысын үнемі салқынқанды, бәрін білетін, қателеспейтін адам сияқты елестетеді. Бірақ мінсіз адам жоқ. Ол бір мезетте бірнеше рөлге кіре алады. Таратып отырған ақпаратының ар жағында қанша дүние қатар жүріп жатады. Стратегиялық ойлау керек. Бүгін айтылған бір ауыз сөздің ертең қалай қабылданатынын, қоғам оған қалай қарайтынын, қандай реакция болатынын алдын ала бағамдап отырады. Үнемі бір қадам алда жүреді. Әсіресе шу шығып жатқанда эмоцияға берілмей, нақты әрі орнықты жауап беруі керек. Кейде бір ауыз пікір тұтас мекеменің жұмысына көлеңке түсіріп жатады. Ондай кезде мекемені техника да, ақша да алып шықпайды. Дұрыс коммуникация алып шығады. Сол сәтте ақпаратты жасыру емес, ашық айту маңыздырақ болады. Өйткені қазіргі қоғам алдымен шынайылықты бағалайды. Халық бәрін көреді, сезеді, саралайды.

Кейде күрделі ресми ақпаратты жұртқа қарапайым тілде жеткізуге тура келеді. Өзім іштей «11 жас принципін» ұстаймын: мәтінді кез келген адам бір оқығанда түсінуі керек. Тіпті он бір жастағы бала оқыса да, не айтылғанын ұғып тұрса — ақпарат дұрыс жеткені.


Коммуникация тоқтамайды. Кеше жұмыс істеген тәсіл бүгін жүрмеуі мүмкін. Ақпарат өзгереді. Қоғам өзгереді. Талап өзгереді. Өзгермейтін бір нәрсе - қай жерде жүрсең де, алдымен адам болып қалу керек. Өйткені халық сенің лауазымыңа емес, сөзіңе сенеді. Ал сөздің артында сенің адамдығың тұрады.

Кейде жаныңды салып жұмыс істеген жүйе еңбегіңді бағаламайды. Тіпті қитұрқы әрекеттерге де тап боласың. Сондай кезде мәні жоққа мән беріп адасып, шаршағаныңды түсінесің. Есейгендіктің белгісі ме, тыныштығыңның шырқын бұзған адамдардан, жағдайлардан бойыңды аулақ ұстауды үйренесің. 

Мықты өзгеріс үшін де, мықты сынақ керек. Өмірде кез келген адамның төрт үлкен ұстазы болады екен. Біріншісі — дедлайн, екіншісі — стресс, үшіншісі — форс-мажор, төртіншісі — ақша тапшылығы.  Осы төрт «мектептен» жақсы сабақ алған адамды суға салса батпайды, отқа салса жанбайды. Мен осыларды басымнан өткіздім. Бірақ сол жолда ата-ананың алғысын естідім. Оқушының ризашылығын көрдім. Ұстаздың шынайы рақметін алдым. Сондықтан қандай қиындық болса да, бұл қызметтің қадірі бар. Өйткені баспасөз хатшы ақпаратқа ғана емес, адамдардың сеніміне жұмыс істейді. Ал сенім — кез келген жүйенің ең қымбат капиталы.

Осы қызметті енді бастап жатқан баспасөз хатшыларына айтарым: 

  • Өзіңе даттауды да, мақтауды да тек өзің айта біл. Біреудің мақтау сөзіне, не сынына қарап қалма. Балансты ұста. Біріне масайрап, біріне сынып қалсаң, ұзаққа бармайсың.
  • Құлататын да, құтқаратын да адамдар өз айналаңда. Өз мүддесі үшін кез келген әрекетке баратындарды ерте таныған дұрыс, олардан бойыңды аулақ ұста. Қашықтық сақтап, адам тани алатындай психолог болуға дайын бол. 
  • Өз позицияңды берік ұстан. Қызмет үшін жүрмін деп пікіріңді ішке көміп тастауға болмайды. Рухың кірлейді. 
  • Принципі жоқ адамдардан қаш. Өйткені олар қай кезде де сатып кетеді.

Кейде бір ауыз сөз үлкен ой салады. Өзім сөзден, мәтіннен, әр түрлі кейстардан шабыт алатын адаммын. Бір жолы баспасөз хатшыларына арналған жиында спикер ретінде келген әріптестің экранға: «Прессекке де КӨКЕ қажет» деп жазғанын көріп, еріксіз күліп едім. Қазір ойласам, рас сөз екен. Тек біз ойлайтындай емес. Баспасөз хатшыға «көке» кабинет ашып беретін адам емес. Телефон шалып, мәселе шешіп беретін адам да емес. Оның «көкесі» мүлде басқа.

К — коммуникация. Сөйлесе білу. Тыңдай білу. Журналистпен де, басшымен де, халықпен де тіл табысу.

Ө — «Өл» дейтін үкімет жоқ, өзіңді ұмытпау. Бұл жұмыстың шегі жоқ. Сондықтан қарбаластың ішінде өзіңді ұмытпау маңызды. Ол - өзімшілдік емес, өміршеңдік нәрсе.  

К — көзқарас. Ақпаратты бәрі көреді. Бірақ оған баспасөз хатшы ретінде қалай қарайтының — сенің кәсібилігің. Басқалары проблема деп қараса, баспасөз хатшы мүмкіндік деп қарау керек. Мәтіннен бұрын жұрт мемлекеттік ұстанымды байқайды.

Е — есе жібермеу. Уақыттан да, ақпараттан да, мүмкіндіктен де. Баспасөз хатшы үнемі сергек жүреді.

Иә, баспасөз хатшыға да «КӨКЕ» керек. Өзіне тірек болатын коммуникация, өз шекарасын сақтау, кәсіби көзқарас және есе жібермейтін еп керек. Осының бәрінен мінез қалыптасады. Ал мінез — адамның сауыты. 


Абай облысы
Семей қаласы
#Пресссекжурналынан 

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап