Мемлекет басшысы Абу-Дабиде өткен салтанатты іс-шарада көрсетілген бейнеүндеуінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығына ие болуымен құттықтады. Қазақстан Президенті бұл марапат олардың парасатты көшбасшылығына берілген баға екенін атап өтті.
– Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жолында қол жеткізген жетістігі тарихтың бетбұрыс кезеңі саналады. Бұл қадам диалог жүргізіп, жауапкершілік пен ұстамдылық таныта білсек, ұзақ жылдарға созылған қақтығыстың да түйінін тарқатуға болатынын дәлелдейді. Мемлекеттердің жік-жікке бөлінуі ұлғайып, өзара қарым-қатынастарға көптеп сызат түсе бастаған заманда бұл тәжірибенің маңызы зор. Өйткені аталған мысалдан татуласудың әлсіздік емес, мықтылықтың белгісі екенін көреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Бұл жағдай «сындарлы диалог – орнықты дамудың кепілі» деген ортақ көзқарасымызды айғақтайды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі және одан тысқары жерлердегі бейбітшілікті, сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді, – деді Мемлекет басшысы.

– Шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның толеранттық, өзара құрмет пен бейбіт қатар өмір сүру идеалдарына негізделген өшпес өсиет-өнегесі осы марапатта көрініс тапқан. Бұл қағидаттар нақты саяси нәтижеге ұласып отыр. Әзербайжан мен Армения арасында бейбітшілік орнап, ынтымақтастықтың жандануы осы қастерлі аманатқа жаңа мазмұн дарытып, оның аймақтан тыс жерлерде де өзекті екенін көрсетті. Халықаралық қатынастардағы пәрменді құрал ретінде дипломатияға сенімді күшейте түсті, – деді Мемлекет басшысы.



Пікір қалдыру