Ұлттық құндылықтарды ойын арқылы дәріптейтін жоба

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Креативті индустрия» бағыты бойынша жеңімпазы Асхат Қуандықұлы Мұханов балаларға қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын ойын және мультфильм арқылы үйретуге бағытталған интерактивті жоба әзірлеп жатыр.

Жобаның негізгі мақсаты – балалардың қазақ тіліне қызығушылығын арттырып, ұлттық тәрбиені ерте жастан бойына сіңіру. Автордың айтуынша, қазіргі балалар гаджеттерді жиі пайдаланып, ақпаратты көбіне бейнероликтер мен ойындар арқылы қабылдайды. Осыны ескерген ол ұлттық құндылықтарды заманауи форматта насихаттауды қолға алған.

«Үш пен алты жас аралығындағы балалар мультфильм кейіпкерлеріне еліктеп, олардың мінез-құлқын қайталайды. Сондықтан өзіміздің салт-дәстүрлерімізді қызықты кейіпкерлер арқылы көрсетіп, балаларға қазақ тілін үйреткім келді», – дейді Асхат Қуандықұлы.

Жоба аясында балалар «Тәй-тәй», «Шай құю», «Сәукеле» секілді ұғымдармен танысып, ұлттық дәстүрлер туралы білім алады. Порталдың алғашқы нұсқасы екі ай ішінде әзірленген. Автор жұмыс барысында бағдарламалау, графикалық дизайн және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланған. Қазір порталдың демо-нұсқасы дайын, ал мультфильмдерді жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Алғашқы ойындарды жақындарының балаларына көрсеткен автор енді жобаны балабақшаларда сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Нәтижесі оң болса, Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, жобаны кеңейтіп, балаларға тегін ұсынуды көздейді.

Облыстық кезеңде 78 үміткер қатысқан байқауда грант иегері атану жас кәсіпкерге үлкен мотивация берген.

«Кез келген идея елге немесе адамдарға пайдасын тигізуі керек. Грантқа ие болмасам да, жобамды жүзеге асырар едім. Алайда бұл қолдау бастамамды тезірек дамытуға ынталандырды», – дейді ол.

Автордың басты мақсаты – қазақ тіліндегі балалар контентін көбейтіп, ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялар арқылы дәріптеу. Оның пайымынша, балаларға қызықты кейіпкерлер арқылы тіл мен дәстүрді үйрету олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап