Абай облысының Қоғамдық кеңесі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерін қарастырып, оның институттық өзгерістері, реформалардың әлеуметтік бағыты және қоғамның оны әрі қарай талқылауға қатысу рөліне ерекше назар аударды.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жаңа Конституция жобасы бойынша жан-жақты пікір алмасу жүргізілді. Кездесуге қатысқан қоғамдық институттар, сарапшылар мен кәсіби қауымдастық өкілдері ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің саяси жүйені жаңғырту, азаматтық құқықтарды күшейту және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету тұрғысындағы маңыздылығын атап өтті.
Абай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков өз сөзінде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталғанын айтты. Оның айтуынша, жаңа Конституция болашақ ұрпақ үшін әділ және ашық қоғам қалыптастыруға негіз болады.
– Билік құрылымына енгізілетін өзгерістер қазіргі Конституцияның шамамен 84 пайызын қамтиды. Алайда бұл өзгерістер әлі ресми түрде бекітілген жоқ. Конституциялық реформалар елдің дамуына серпін береді. Келешекте бұл өзгерістер жалпыұлттық референдум арқылы халықтың талқылауына ұсынылады. Негізгі жаңалықтардың бірі – екі палаталы жүйеден бір палаталы құрылымға өту. Жаңа модельге сәйкес өкілді орган 145 адамнан тұрады. Сонымен қатар, Парламенттің Мәжілісі “Құрылтай” деп аталады. Халық кеңесі де құрылмақ, құрамында 126 адам болады. Олардвң қатарына этномәдени орталықтардың өкілдері, мәслихат депутаттары және әртүрлі салалардың мамандары кіреді. Бұл азаматтардың конституциялық құқықтарын кеңейтеді және олардың бастамалары мен ұсыныстарын еркін білдіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – деді Қоғамдық кеңес төрағасы.
Қоғамдық кеңес мүшесі, журналист Вера Кропачева өзгерістер алдымен адамдардың санасында жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті.
– Адамдар бұл маңызды құжат не үшін қабылданатынын түсінуі керек, бұл – біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де маңызды. Барлық нарративтер өмір тәжірибесі, адамдар мен комиссияның ұзақ уақыттық еңбегі арқылы тексерілген. Бүгінгі күні біз жаңалықтарды өмірге енгізіп, олардың практикада қалай жұмыс істейтінін көрсетуіміз қажет. Бұл жоғарғы оқу орындары мен отбасылық қатынастарға да қатысты. Мен өзгерістерді қолдаймын және осы құжатқа жауапкершілік әрбір қатысушының мойнында екенін атап өткім келеді, – деді Вера Кропачева.
Абай облысы кәсіподақтар бірлестігінің директоры Куаныш Сүлейменов жаңа Конституцияға қатысты жалған ақпарат таратушылардың әлеуметтік желілерде белсенді екенін айтты.
– Фейк ақпарат өте көп. Шетелдік конституциялық тәжірибені зерттегенде, Конституцияны заман талаптарына сай жаңарту қажеттілігі айқын көрінеді. Мысалы, АҚШ Конституциясы өз тарихында 27 рет түзетілді. Қазіргі Конституциямыз мемлекетіміздің тарихында өзінің әлеуетін толық пайдаланды, сондықтан оны әрі қарай дамыту қажет, ең алдымен болашақ ұрпақ игілігі үшін. Бұл түзетулер азаматтардың өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Сол себепті Қазақстан кәсіподағы федерациясы осы Конституция жобасын толық қолдайды, – деді Куаныш Сүлейменов.
Абай облысының штаттан тыс бас инфекционисті Имдат Эфендиев жаңа Конституция Қазақстан қоғамының үйлесімді дамуы мен достық қатынастардың кепілі болатынын атап өтті.
– Мұндай ауқымды өзгерістер – құжаттың шамамен 80 пайызы бізді жаңа Конституцияға жетелейді. Өз ойымша, өзгерістер дұрыс, өйткені саяси партиялардың жауапкершілігі артады, олар сайлауалды уәделеріне аса мұқият қарайтын болады. Маңызды жаңалықтардың бірі – Вице-президент лауазымының енгізілуі. Сенат болмаған жағдайда Вице-президент маңызды шешімдер қабылдайтын болады. Жаңа Конституция мемлекеттік тұрақтылықты, ұлттық келісімді күшейтеді және біздің ортақ үйімізді одан әрі берік етеді. Мен жобадағы барлық өзгерістерді қолдаймын, – деді Имдат Эфендиев.
Абай облысы Қоғамдық кеңесінде Конституцияның жаңа жобасы талқыланды
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру