Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңір аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі мен оларды қорғау шаралары талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.
Бүгінде Абай облысының мемлекеттік тізіміне 417 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілген. Оның 404-і – жергілікті, 13-і – республикалық маңызы бар нысандар. Ескерткіштер қала құрылысы мен сәулет, монументалды өнер, археология, сакралды және кешенді ансамбльдер санаттарын қамтиды. 2025 жылы тарихи-мәдени мұраны қорғау мәселелері бойынша облыстық комиссияның 6 отырысы өткізіліп, бірқатар нысанды алдын ала есепке алу, мемлекеттік тізімге енгізу және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бекіту жөнінде шешімдер қабылданды.

«Облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер – халықтың рухани мұрасын, ұлттың тарихы мен мәдени дамуын айқындайтын аса маңызды құндылықтар. Аймақтың туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі екені сөзсіз. Сондықтан олардың сақталуын тұрақты түрде бақылау, техникалық жай-күйін бағалап, ғылыми негізде қалпына келтіру – біздің ортақ міндетіміз», – деді облыс әкімі.
Пікір қалдыру