Абай облысында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған республикалық «Абай оқулары» кең ауқымды іс-шаралар легі өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40-қа жуық жас, түрлі этнос өкілдері – немістер, орыстар, қазақтар, кәрістер, шешендер, ұйғырлар, қарақалпақтар, түріктер және басқалар ұлт өкілдері қасиетті Абай жерінде бас қосып, жас ұрпақты достық пен рухани құндылықтарға баулыған мазмұнды бағдарламаға қатысты.
Фестиваль аясында жастар Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенелеріне, Күшікбай ата мазарына, Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліге барып, викториналарға, зияткерлік кездесулер мен мәдени шараларға қатысты. Дәстүр мен тарихқа негізделген рухани саяхат әрбір қатысушыға ұмытылмас әсер сыйлады.
Шара соңында қатысушылар ұлы ақынның рухына тағзым етіп, Абай музейі аумағында орналасқан «Абай және ұлдары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов Абай мұрасының жастар санасындағы орны туралы айтып өтті.
– Құрметті жастар, сіздерді дана Абайдың туған топырағында қарсы алу – біз үшін зор мәртебе. Мемлекет басшысы жастарды қолдауды үнемі басым бағыт ретінде атап өтеді. Осы ретте біз жастарға Абайдың даналығын, ой тереңдігін және адамгершілік қағидаттарын кеңінен түсіндіруді мақсат еттік. Сіздер осы оқулар арқылы жаңа достар тауып, рухани азық алдыңыздар деп сенемін. Облыс әкімі атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді басқарма басшысы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сөз алған «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмұрбаев Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Бүгінгі жастар Абай шығармашылығына қызығушылықпен қарап, оның идеяларын заманауи тұрғыда түсінуге тырысуда. Бұл – еліміздің рухани жаңғыруының нақты көрінісі. Абайдың ойлары – ұлт бірлігінің тірегі. Жастардың осы жолда бас қосуы – үлкен мәнге ие, – деді ол.
Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың арнайы құттықтау хаты оқылды. Хатта ұлы ойшыл мұрасын насихаттаудың ел болашағы үшін маңыздылығы атап өтілді.
ҚХА жастары арасында республикалық Абай оқулары өтті
Пікірлер (0)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!
Пікір қалдыру