Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін «Түркістан» газетіне берген сұхбатында атап өтілген басым бағыттарды өңірде іске асыру бойынша облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен арнайы кеңес өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары қатысты. Аудан, қала әкімдері бейнережимде қосылды.

«Ең алдымен, Президенттің түрлі саладағы реформалары қағазда қалмауы тиіс. Ол адам өмірінде, ауылда, ауданда, қалада сезілуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған әділеттілік, тиімді басқару, экономикалық дербестік – бәрі абстрактілі ұғым емес. Ол мектептің сапасынан, аурухананың қолжетімділігінен, жолдың жай-күйінен, жұмыс орнының бар-жоғынан көрінуі керек. Президентіміз Абайды ерекше құрметтеп, әрдайым Ұлы ақынды ұлттың темірқазығы ретінде көрсетіп келеді. Өңірімізде «Абайға құрмет» акциясы іске асырылуда. «Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған бірқатар қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласапырандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған», – деді бүгінгі сұхбатында. Абай атын иеленген облыс болғандықтан бізге артылар жауапкершілік жүгі салмақты. Алдағы күндері сіздерден нақты ұсыныстар күтемін. Халық бізден сөз емес, нәтиже күтеді», – деді облыс әкімі.


Пікір қалдыру