Курчатов қаласында өнеркәсіп өндірісін дамыту, инвестиция тарту, тұрғын үй қорын қалпына келтіру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қалада қуаттылығы 700 МВт болатын электр станциясының құрылысы басталып, көмір-химия кешенін салу және ғылым қалашығын құру бағытында жұмыстар қолға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдірәлиев хабарлады.
Қалада әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша оң динамика сақталған. Он айдың қорытындысында бюджет кірісі 1,6 млрд теңгені құрап, жоспар 116,8 %-ға орындалған.
Қала әкімінің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде 671,2 млн теңгенің өнімі өндірілген. Көтерме сауда айналымы 1,7 млрд теңгеге, ал бөлшек сауда көлемі 11,2 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,8 млрд теңгені құраған.
— Алдын ала болжамға сәйкес, жыл соңына дейін жоспарланған ірі инвестициялық жобалардың көлемі кемінде 9,8 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Бірқатар бағыттар бойынша жылдық жоспарлы көрсеткіштерге мерзімінен бұрын қол жеткізілді, — деді Болат Әбдірәлиев.
Биыл ақпан айында Школьная көшесіндегі №2 тұрғын үйден кезекте тұрған азаматтарға 36 пәтердің кілті табысталған. Қазіргі уақытта Абай көшесіндегі №35 үйден 53 пәтерді сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ал келесі жылдың басында Тәуелсіздік көшесіндегі №27 және Абай көшесіндегі №33 үйлердегі жалпы 118 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
— Біздің басым бағыттарымыздың бірі – тұрғындардың баспана жағдайын жақсарту және бұрын қараусыз қалған көппәтерлі үйлерді қалпына келтіру. 2023 жылы тұрғын үй кезегінде 364 азамат болса, қазіргі уақытта 427 адам тіркелген, — деді қала әкімі.
Спикер Курчатов қаласының болашағы үшін маңызды үш стратегиялық жобаға тоқталды.
Олардың біріншісі – қуаттылығы 700 МВт болатын конденсациялық электр станциясының құрылысы. Биыл шілде айында облыс әкімі Берік Уәлидің қатысуымен жобаның басталуына арналған естелік капсула салу рәсімі өткен.
Екінші бағыт – көмірді терең өңдеу арқылы карбамид өндіретін көмір-химия кешенін салу. Қазіргі уақытта жобаға жер учаскесі бөлініп, жобалау алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Үшінші стратегиялық бағыт – Курчатов қаласында ғылым қалашығын құру.
Қала әкімінің айтуынша, 2026–2035 жылдарға арналған ғылымды қажетсінетін аумақтарды құру мен дамыту тұжырымдамасы бекітілген. Сонымен қатар Курчатов қаласында ғылыми қалашық құру 2027–2031 жылдарға арналған жоспарға енгізілген.
— Ғылым қалашығы мәртебесіне ие болу Курчатовтың ғылыми әлеуетін арттырып, жаңа инвестициялар тартуға, жастар мен ғылыми қоғамдастық үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады. Бұл бағыттағы тиісті шешім келесі жылдың бірінші жартыжылдығында қабылданады деп күтіп отырмыз, — деді спикер.
Қаладағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда.
Биыл бұрын қараусыз қалған ғимараттардың бірі жаңғыртылып, заманауи Жастар орталығы ашылған. Сонымен қатар Дегелең теміржол вокзалы толық жаңартылып, ғимарат аумағы 85 шаршы метрден 300 шаршы метрге дейін ұлғайтылған.
Қала бойынша сегіз көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті боялып, келесі жылы тағы 11 үйді жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек, бұрынғы «Октябрь» әмбебап дүкенінің ғимаратында мейрамхана, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандарын ашу көзделіп отыр.
Абаттандыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған.
Биыл тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған 10 алаңша жаңартылып, бес қоғамдық кеңістікте автоматтандырылған суару жүйелері орнатылған. Қоғамдық орындардың жарықтандыру жүйелерін күн батареяларына ауыстыру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар қаладағы негізгі және қосалқы көшелерге асфальттың екінші қабаты төселген. Қалған жұмыстарды, оның ішінде автотұрақтар мен көлік қалташаларын жасауды келесі жылы аяқтау жоспарланған.
Пікір қалдыру