Қазақстанда энергетикалық сусындардың өндірісі мен сатылымына толық тыйым салу бастамасы көтерілді. Бұл ұсынысты «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі көтеріп отыр.
Қоғамдық ұйым өкілдерінің пікірінше, энергетикалық сусындарды тұтыну қоғамда кең таралған. Оларды жастармен қатар студенттер, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері және басқа да азаматтар шаршағандықты басу, ұйқысыздықты жеңу мақсатында пайдаланады. Алайда мұндай сусындардың құрамындағы кофеин мен өзге де ынталандырушы заттар адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты «Әкелер одағы» энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта импорттауға, көтерме және бөлшек саудада сатуға, оның ішінде интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері арқылы таратуға толық тыйым салуды ұсынады.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілген. Алайда қоғамдық бірлестік қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейді деп есептейді.
«Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары алаңдатады. Әңгіме бедеулік, қатерлі ісік, жас кездегі инфаркт және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы болып отыр», – делінген «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Күзембай Бекдайыр Нығметұлының бейнеүндеуінде.
Энергетикалық сусындардың денсаулыққа әсері
Мамандарды, ең алдымен, энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин мен басқа да ынталандырушы компоненттердің мөлшері алаңдатады. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, мұндай сусындарды тұтыну артериялық қан қысымының жоғарылауына және жүректің электрлік белсенділігінің өзгеруіне әкелуі мүмкін.
Атап айтқанда, 2024 жылы Nutrition Reviews ғылыми журналында жарияланған 17 рандомизацияланған зерттеудің мета-талдауында энергетикалық сусындарды тұтынғаннан кейін ересектердің қан қысымының жоғарылағаны көрсетілген.
Сондай-ақ сусындардың құрамындағы қант мөлшері де назар аударуды қажет етеді. Көлемі шамамен 400 миллилитр болатын кейбір сусындардың бір құтысында 100 грамға жуық қант болуы мүмкін. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тәуліктік нормадан айтарлықтай жоғары.
Қантты шамадан тыс тұтыну семіздікке, зат алмасу бұзылыстарына және қант диабетіне шалдығу қаупін арттырады. Ал «қантсыз» деген белгі өнім құрамындағы кофеин мен өзге де ынталандырушы заттарға байланысты ықтимал қауіптердің жоқ екенін білдірмейді.
Қандай шаралар ұсынылып отыр?
«Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі энергетикалық сусындардың айналымын реттеу бойынша заңнамалық бастама әзірлеуді ұсынып отыр. Атап айтқанда:
- энергетикалық сусындарды өндіруге және коммерциялық мақсатта әкелуге толық тыйым салу;
- көтерме және бөлшек саудада сатуға, соның ішінде интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері арқылы таратуға шектеу енгізу;
- қантсыз сусындар мен концентраттарды қоса алғанда, энергетикалық сусындарға жататын өнімдердің нақты өлшемдерін белгілеу;
- өнімдерді жарнамалауға, насихаттауға және әлеуметтік желілер арқылы тегін таратуға тыйым салу;
- заңсыз айналым үшін жауапкершілік пен мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізу;
- тиісті заң ресми жарияланғаннан кейін алты айдан аспайтын өтпелі кезең белгілеу.
Қоғамдық бірлестік бұл ұсыныстарды қарастырып, энергетикалық сусындардың айналымына қатысты заңнамалық өзгерістер енгізу мәселесін ведомствоаралық деңгейде пысықтауды ұсынады.
Пікір қалдыру