Абай облысының спортшылары әлемдік додаларда топ жарды


Өңірімізде ұлттық спорт түрлерімен 35 220 адам тұрақты түрде айналысады. Бүгінде облыс спортшылары бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, жоғары нәтижелер көрсетуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубының директоры Болат Ақжігітов баяндады.

- Облысымызда ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ауқымды жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақытқа дейін өңірде ұлттық спорттан 19 рет Абай облысының чемпионаты және 6 республикалық турнир өткізілді. Өткен жылы 37 жарыстың нәтижесінде спортшыларымыз жалпы саны 260 медальға қол жеткізді.Ал биылғы жылдың ең ірі жетістіктерінің бірі – ақпан айының соңында Үндістанда өткен қазақ күресінен әлем чемпионатындағы жеңісіміз. Бұл жарыста спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғап, 2 алтын және 1 күміс медаль еншіледі. Атап айтсақ, Ерсін Сейтқазинов пен Зарина Сарипова өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанса, Роза Нысантайқызы күміс жүлдегер атанды, – деп атап өтті спорт клубының директоры.

Сонымен қатар, қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екі дүркін жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы Зарина Сарипова өз жетістіктері мен жарыстарға дайындық үдерісі туралы бөлісті.

- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында және әлем чемпионаттарында қазақ балуандары жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бұл – елімізде қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Алайда мұндай жетістіктерге жету оңай болған жоқ. Жарыстарға дайындық үлкен қажыр-қайрат пен табандылықты талап етеді. Күнделікті қарқынды жаттығулар, физикалық және тактикалық дайындық, сондай-ақ психологиялық тұрақтылық – бәрі де жеңістің кепілі. Болашақта ұлттық спортымызды одан әрі насихаттап, оның халықаралық деңгейдегі беделін арттыру маңызды, - деді Зарина Сарипова.

Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерсін Сейтқазиновтың айтуынша, Үндістанда өткен әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен, спортшылар үшін оңайға соқпаған. Жарысқа мықты қарсыластар жиналып, әр белдесу үлкен дайындық пен табандылықты талап етті. Бұл додаға қатысу үшін спортшыларымыз бір жылдан астам уақыт бойы тынымсыз жаттығып, физикалық және тактикалық дайындықтарын жетілдірді.

- Әлем чемпионатына бір жыл бойы тыңғылықты дайындалдық. Күн сайынғы жаттығулар мен арнайы дайындықтарымыздың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Әр жарыс – біз үшін үлкен тәжірибе. Болашақта басқа да халықаралық турнирлерге қатысуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, өз тәжірибеммен бөлісу мақсатында жас спортшыларды жаттықтыру ойымда бар. Олардың кәсіби дамуына үлес қосып, қазақ күресінің өркендеуіне атсалысқым келеді, – деп қорытындылады Ерсін Сейтқазинов.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап