«Ғасырмен үндескен театр»: Абай облысының намысын қорғаған Ақсуат халық театры жүлдемен оралды

12 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылында аудан басшылығының қолдауымен Слямхан Шериазданов атындағы халық театрының 40 жылдығына арналған «Ғасырмен үндескен театр» атты аймақтық халық театрлары фестивалі өтті.

Бұл – өңірдің мәдени өміріндегі айтулы өнер мерекелерінің бірі. Фестиваль Тарбағатай ауданының белгілі сахна саңлағы, саналы ғұмырын ауыл өнерін өркендетуге арнап, ұлттық аспаптар оркестрі мен халық театрын құрып, аудан мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген Слямхан Шериаздановтың есімін ұлықтауға арналды.

Өнер додасына Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданынан көлеңкелі қуыршақ театры, Абай облысы Ақсуат ауданының Ақсуат халық театры, Тарбағатай ауданының Ақжар және Жаңаауыл халық театрлары қатысып, өзара бақ сынады.

Аймақтық өнер додасында Абай облысының намысын Ақсуат халық театры қорғап, жоғары шығармашылық шеберлік танытты. Театр ұжымы сахна мәдениеті мен актерлік шеберлігін паш етіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Фестивальге қатысушы театрлардың өнерін Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актерлері, өнер майталмандары Тұрсынбек Дүзбаев, Гүлбақыт Бақтыбаева, режиссер Асыл Қозыханов, Ақжар халық театрының режиссері Мейрамбек Каменжанов және Ақжар мәдениет үйінің директоры Шәкен Мәлікқызы саралап, әділ бағасын берді.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Ә. Толымбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасын сахналаған Жаңаауыл халық театрына бұйырып, ұжым 300 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды.

Ал Абай облысының намысын абыроймен қорғаған Ақсуат халық театры І орынды жеңіп алып, 250 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен марапатталды. ІІ орын және 200 000 теңге сыйлық Тарбағатай ауданының Ақжар халық театрына, ІІІ орын және 150 000 теңге сыйлық Самар ауданының көлеңкелі қуыршақ театрына табысталды.

Ақсуат өнерпаздары негізгі жүлдемен қатар бірнеше арнайы номинацияны да қанжығаларына байлады. Фестиваль аясында «Аудан әкімінің арнайы сыйлығы» «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Бауыржан Төлековке табысталды. «Еңлік сыйлығы» номинациясымен Ақсуат мәдениет үйі директорының орынбасары, Ақсуат халық театрының әртісі Қарлығаш Орынбекова, «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен Ақсуат халық театрының әртісі Ұлан Майқанов марапатталды.

Сондай-ақ «Үздік жарықтандыру» номинациясы Ақсуат мәдениет үйі директорының орынбасары, жарық қоюшы Жасұлан Ноқановқа бұйырды. Арнайы номинация иегерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Осылайша, «Ғасырмен үндескен театр» аймақтық фестивалінде Абай облысының намысын қорғаған Ақсуат халық театры жүлделі І орынмен қатар бірнеше арнайы марапатқа ие болып, өңір өнерінің мерейін үстем етті. Бұл жетістік – халық театры ұжымының шығармашылық ізденісі мен сахна өнеріне деген адалдығының жемісі.

Ал, Слямхан Шериазданов атындағы халық театрының 40 жылдық мерейтойына арналған өнер додасы, әр өңірдегі халық театрларының басын қосып, шығармашылық байланысты нығайтқан, тәжірибе алмасуға жол ашқан тағылымды мәдени шара ретінде есте қалды.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап