«ЦОД алқабы» (Дата-орталықтар алқабы) ауқымды жобасы жүзеге асырылатын өңір қосымша даму мүмкіндіктеріне ие болады. Павлодар облысы мен Екібастұз қаласы үшін «Қазақтелеком» компаниясымен және инвесторлармен бірлесіп білім беру бастамаларын іске асыру, IT-хабтар құру және әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция салу мәселелері пысықталады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жобаның жоспарларын Павлодар облысы мен Екібастұз тұрғындарына түсіндіру – жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Сонымен қатар өңірді қосымша қолдау шаралары да қарастырылуда.
«Біз „Қазақтелеком“ компаниясымен және инвесторлармен бірлесіп, осы өңірлерді қосымша әлеуметтік қолдау мәселелерін пысықтауымыз керек. Атап айтқанда, маңызды білім беру бастамаларын іске қосу, қосымша IT-хабтар құру, әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Өйткені біз дәл осы өңірде ірі AI-фабрикасын салып жатырмыз және оның ресурстарын осы аймақтан пайдаланатын боламыз», – деді Жаслан Мадиев.
«ЦОД алқабы» жобасы Қазақстанға жасанды интеллектіні дамытуға қажетті есептеу қуаттарын өндіруге және жаңа экспорттық өнім қалыптастыруға мүмкіндік береді. Министрдің сөзінше, бұл жоба тек деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді, сонымен қатар экономиканы әртараптандыруға жол ашады. Әлемде жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуына байланысты есептеу ресурстарына сұраныс артып келеді. Осы бағытта Қазақстанның да өз орнын иеленуге мүмкіндігі бар.
«Бұған дейін де атап өткенімдей, „ЦОД алқабы“ – экономиканы әртараптандыруға және Қазақстан үшін жоғары маржиналды жаңа экспорттық өнім қалыптастыруға мүмкіндік беретін жоба. Біздің міндетіміз – түсімнің ел ішінде қалуын қамтамасыз ету. Ал электр энергиясы қазіргі таңда жасанды интеллектіні қолданудың артуына байланысты сұранысқа ие есептеу қуаттары мен токендерге айналуы тиіс», – деді Жаслан Мадиев.
Жобаның энергетикалық базасы жаңа генерация көздерін дамыту арқылы қамтамасыз етіледі. Елде электр энергиясының профициті қалыптасады деп күтілуде. 2030 жылға қарай 13 ГВт-тан астам жаңа қуат көздерін іске қосу, ал 2035 жылға қарай қазіргі белгіленген қуаттарды екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Электр энергиясы жаңартылатын энергия көздерімен қатар көмір электр станциялары есебінен де өндіріледі.
«Сондықтан біз электр энергиясының профициті қалыптасады деп күтіп отырмыз. Оның ең тиімді пайдаланылу бағыттарының бірі – сұранысқа ие, жоғары маржиналды өнім болып саналатын есептеу қуаттары мен токендер өндіру», – деп атап өтті министр.
Жаслан Мадиев бұл жоспарлардың жай ғана болжам емес, нақты бекітілген міндеттер екенін атап өтті. Жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу жөніндегі шешімдер қабылданған, бірқатар нысандардың құрылысы басталған. Бұл бағытта Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берген. Жобалардың жүзеге асырылу барысын Үкімет бақылауда ұстап отыр.
«Кез келген жұмыс нақты жоспарлауға негізделуі керек. Үкімет бұл жобалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылап, мониторинг жүргізеді. Сондықтан белгіленген жоспарлардың орындалатынына толық негіз бар», – деді ол.
Сонымен қатар инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Министрдің айтуынша, Қазақстан әлемдегі ірі технологиялық компаниялармен әріптестік орнатып, ел аумағында бұлтты инфрақұрылымды орналастыруға тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Біз қазірдің өзінде NVIDIA, Amazon, Google, Meta және басқа да ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп, өзара әріптестік орнатуымыз қажет. Оларды Қазақстанға, соның ішінде NVIDIA чиптері негізінде бұлтты инфрақұрылымды орналастыруға тарту және осы GPU-ресурстарын пайдаланатын клиенттерді іздеу маңызды», – деп түсіндірді Жаслан Мадиев.
Пікір қалдыру