Абай облысында Дүниежүзілік туризм күніне орай «Бір күн – бір алаң» атты ауқымды шара өтті. Онда өңірдің 12 ауданы мен 2 қаласы табиғаты, тарихы, мәдениеті, ұлттық дәстүрі және жергілікті өнімдерін таныстырды.
Шара облыстағы туризмнің жаңа бағыттарын да көрсетті. Табиғи нысандармен қатар цифрлық технология, қауіпсіздік, технотуризм және заманауи инфрақұрылымға басымдық беріліп келеді.
Облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышевтің айтуынша, өңірде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жақында туристерге қажетті ақпаратты бір жерден ұсынатын «Visit Abay» ақпараттық орталығы ашылған.
Өңірдің басты туристік бағыттарының бірі – Алакөлде автомобиль жолдары жаңартылып, 5 шақырым веложол салынды. Сонымен бірге жағалауға жасанды интеллект элементтері бар 144 камера орнатылды.
«Камералардың көмегімен 64 жоғалған баланың орналасқан жері жедел анықталды», – деді Бекжан Бапышев.
Бұл жобалар Алакөлдегі туристердің қауіпсіздігін арттырып, жағалаудың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Шипалы көлінің жағалауында электр желілері тартылып, демалушыларға арналған шешінетін орындар, құтқарушылар мен полиция қызметкерлеріне арналған бөлмелер орнатылды.
Ал Курчатов қаласында технотуризм бағыты дамып келеді. Ұлттық ядролық орталық базасындағы музейге биыл жеті шет мемлекеттен турист келген. Бұл өңірдегі туризмнің табиғи демалыспен ғана шектелмей, ғылым мен технология бағыттарын да қамтып отырғанын көрсетеді.
Шара барысында аудандар мен қалалар тарихи орындарын, этнотуризм бағыттарын, қолөнер бұйымдарын және ұлттық тағамдарын ұсынды. Туроператорлар туристік маршруттарын таныстырып, бірнеше нысанды бір бағытқа біріктірудің мүмкіндіктерін көрсетті.
Көрмеде жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері де ұсынылды. «Адал ас» компаниясы ұлттық нақыштағы табиғи өнімдерін таныстырды. Сонымен қатар шеберлердің қолынан шыққан ұлттық бұйымдар қойылды.
Мұндай өнімдер турист үшін кәдесый ғана емес, өңірдің мәдениеті мен дәстүрін танытатын маңызды элемент саналады.
Шара аясындағы туристік жәрмеңке кәсіпкерлер мен туроператорларға жаңа серіктестік орнатуға, ал туристерге өңірдегі бағыттар туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Дүниежүзілік туризм күніне арналған шара спорттық ойындар мен концерттік бағдарламамен жалғасты. «Бір күн – бір алаң» шарасы Абай облысының туристік әлеуеті табиғи нысандармен ғана шектелмейтінін көрсетті. Алакөл мен Шипалы көл, тарихи-мәдени мұра, ұлттық тағам мен қолөнер, Курчатовтағы технотуризм және цифрлық шешімдер – өңірдің туристік картасын толықтыратын бағыттар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді сапалы инфрақұрылыммен, сервистік қызметпен және жаңа туристік маршруттармен байланыстыру.
Пікір қалдыру