Семейдегі 5 мектепте «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен инклюзия кабинеттері ашылады

Семей қаласында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету мақсатында «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен 5 инклюзиялық кабинет ашу жұмыстары басталды. Бұл бастама №3, №13, №17, №20 және №47 жалпы білім беретін мектептерді қамтиды. Жоба нәтижесінде шамамен 300 оқушыға қосымша білім беру және түзету-дамыту қызметтері көрсетілмек. Бұл көрсеткіш қаладағы ерекше қолдауды қажет ететін балалардың шамамен төрттен бір бөлігін құрайды.

Жаңа инклюзия кабинеттері Samruk-Kazyna Trust қоры мен инклюзивті білім беру саласының мамандары әзірлеген жаңартылған тұжырымдама негізінде ұйымдастырылуда. Кеңістіктер заманауи талаптарға сай, ашық форматта (open space) жабдықталып, балалардың еркін әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік береді. Әр кабинетте дефектолог, логопед және психолог мамандарына арналған жеке жұмыс аймақтары қарастырылған.

Сонымен қатар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған қосымша мүмкіндіктер де енгізіледі. Атап айтқанда, қыш өнеріне арналған шеберхана ашылып, оқушылардың қолөнерге қызығушылығын арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, арнайы спорттық құралдармен жабдықталған емдік дене шынықтыру кабинеттері де жұмыс істейді, бұл балалардың физикалық дамуын қолдауға бағытталған.

Әрбір инклюзия кабинеті кемінде 60 шаршы метр аумақты қамтиды және толықтай жаңартылып, қайта жабдықталуда. Жоба аясында тек инфрақұрылым ғана емес, педагогтер мен бейінді мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру да қарастырылған. Олар бір жыл көлемінде арнайы оқыту курстарынан өтеді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауымен еліміз бойынша бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы 31 инклюзияны қолдау кабинеті табысты жұмыс істеп келеді.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап