Семейде өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі болып жүрген отбасыларды ұлықтауға арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты.
✅ «Мерейлі отбасы» байқауы – отбасы мәртебесін арттырып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға, ұлттық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды жоба. Байқау елімізде 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
🧑🧑🧒🧒 Биыл байқауға облыстың қала-аудандарынан 129 отбасы өтініш білдіріп, оның 24-і облыстық кезеңге жолдама алды. Қатысушылар отбасы тарихын, салт-дәстүрін, жетістіктері мен ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымдарын таныстырды.
— Мемлекет басшысы отбасыда көрген тәлім-тәрбиенің арқасында отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ қалыптасатынын атап өткен болатын. Бес жыл ішінде «Мерейлі отбасы» байқауы өнегелі отбасылардың басын қосып қана қоймай, қоғамға жақсыны көрсетуге, ізгілікті дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға арналған маңызды дәстүрге айналды. Берекелі отбасы – берік мемлекеттің бастауы, – деді Берік Уәли.
🏅 Байқау қорытындысы бойынша I орынды Бесқарағай ауданының Қайдаровтар отбасы иеленді. II орын Абай ауданының Мақаевтар отбасына бұйырса, III орын Ақсуат ауданының Каржиковтар және Жарма ауданының Құрмановтар отбасына берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар және ақшалай сертификаттар табысталды. Байқау отбасы құндылықтарын дәріптеп, өнегелі шаңырақтардың тәжірибесін көпшілікке насихаттауға мүмкіндік берді.
Пікір қалдыру