➡️Абай ауданында қонақ үй мен жаңа жылу жүйесі салынады

Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданында жаңадан салынып жатқан нысандардың құрылыс барысымен танысты.

⬛️Аймақ басшысы әуелі 25 нөмірлі «Taukum Boutique Karaul» қонақ үй кешенінің жобасын көрді. Нысан этнотуристік кешенді дамыту жобасының жалғасы ретінде инвестордың бастамасымен қолға алынған. Құрылыс жұмыстары биылғы шілде айында басталған. Жоба аясында 25 нөмірден бөлек, мейрамхана, VIP-зал, ас үй, қабылдау және демалыс бөлмелерін орналастыру көзделген.

Қонақ үй кешенінің жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метрден асады. Пайдалануға берілгеннен кейін 10-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың III тоқсанында аяқтау көзделген.

Бұдан кейін облыс әкімі орталық жылу жүйесін жаңғырту жобасымен танысты.

Қазіргі уақытта №1 жылу қазандығын жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жаңғырту нәтижесінде үш жаңа жылу қазандығын орнатып, жалпы қуаттылығын 9 МВт-қа жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұзындығы 2,3 шақырым жылу желісі салынады.

🔴Жоба жүзеге асқаннан кейін орталық жылу жүйесіне бес көпқабатты тұрғын үймен қатар, кәсіпкерлік нысандар, аудандық аурухана, жаңадан салынатын балабақша, спорт модулі, мейрамхана және қонақ үй кешенін қосу көзделген.

Нысандарды аралап көрген облыс әкімі жұмыстарды уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Қонақ үй ауылға кіреберісте, қолайлы жерде орналасқан. Абай ауданына келетін туристер саны артып келеді. Сондықтан мейманхана қонақтарды қабылдауға лайықты болуы үшін оның аумағын абаттандыру қажет. Ал әкімдік тарапынан жылумен қамту мәселесін шешетін боламыз», – деді Берік Уәли.


Естеріңізге сала кетейік, аймақ басшысы 31 қаңтар күні Қарауыл ауылының көпқабатты тұрғын үйлерінің тұрғындарымен кездесу барысында бірқатар әлеуметтік нысанды орталық жылу жүйесіне қосу үшін жаңа жылу қазандығын салуға қолдау көрсететінін айтқан болатын. Жобаны жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап