7 қараша күні Ақсуат аудандық мәдениет үйінде Алтай-Тарбағатай күйшілік дәстүрінің көрнекті өкілі, күйші-композитор, ұлттық музыка өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан Қазен Әбуғазыұлының туғанына 90 жыл толуына орай «Күймен өрілген ғұмыр» атты тағылымды еске алу кеші өтті.
Ұлттық өнерді ұлықтап, төл мәдениетіміздің қайнар көзі саналатын күй құдіретін дәріптеуді мақсат еткен рухани шараға өнер қайраткерлері, белгілі дәстүрлі әншілер мен күйшілер, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым мүшелері, күйшінің ұрпақтары және аудан тұрғындары қатысты.
Кештің басты мақсаты – қазақ күй өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қазен Әбуғазыұлының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің бай дәстүрін дәріптеу және жас ұрпақтың бойында ұлттық өнерге деген құрметті қалыптастыру.
Рухани кештің шымылдығын Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары Т. Мәселов ашып, мерейтой иесінің қазақтың күй өнеріндегі айрықша орнына тоқталды. Ол өз сөзінде Қазен Әбуғазыұлының артында қалған мол шығармашылық мұрасы – ұлт руханиятының құнды қазынасы екенін атап өтіп, күйшінің есімі мен өнері кейінгі ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қала беретінін жеткізді. Сондай-ақ айтулы шараға арнайы жиналған қонақтарға алғыс айтып, мерейтойға орай ұйымдастырылған кештің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиында Алматы қаласынан арнайы келген қадірлі қонақтарға да ерекше құрмет көрсетілді. Олардың қатарында қазақтың халық әндері мен дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап жүрген Қазақстанның Халық әртісі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі ән музыкасы» кафедрасының профессоры, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазы және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аталған академияның профессоры, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Нұржан Жанпейісов болды. Қазақы дәстүрмен қос азаматтың иығына шапан жабылып, ұлттық өнерге сіңірген еңбектері мен мәдениет саласындағы қызметтеріне құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар кеш барысында Ақсуат ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Мейрам Оралұлы Оралов жүрекжарды лебізін білдіріп, Қазен Әбуғазыұлының өнегелі өмірі мен өнер жолына кеңінен тоқталды. Ол күйшінің азаматтық болмысы, шығармашылық ізденісі мен ұлттық өнерге деген адалдығы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның артында қалған асыл мұраның келер ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Мерекелік кештің алғашқы музыкалық тартуы А. Байқыдыров атындағы саз мектебінің ұлт аспаптар оркестрі мен Ә. Мағзұмов атындағы «Сұлу саз» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауында ұсынылды. Екі өнер ұжымына да жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Қанат Әбуғазы бастаған өнерпаздар Қазен Әбуғазыұлының шығармаларын орындап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Домбыраның қос ішегінен төгілген күмбірлі күйлер залға жиналған қауымды бір сәтте ұлттық өнердің тереңіне бойлатып, өткен мен бүгінді жалғағандай әсер қалдырды. Әрбір күйдің әуезінен туған жердің тынысы, елдің тарихы, халықтың мұңы мен қуанышы сезіліп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Кештің мазмұнын кәсіби өнер иелері мен дәстүрлі өнер өкілдерінің тағылымды өнер көрсетуі аша түсті. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов дәстүрлі ән өнерінің озық үлгілерін ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ Қарағанды қаласындағы Қ. Байжанов атындағы филармонияның әншісі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, дәстүрлі әнші Дулат Аханов пен Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің оқытушысы, республикалық конкурстардың лауреаты, күйші Айсарбек Акияшев те өз өнерлерін ортаға салды.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Шалқар Ырысханұлы да кештің құрметті қонақтарының қатарынан табылып, күй өнерінің өрісін кеңейтуге бағытталған тағылымды шараның мазмұнын байыта түсті.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Қазен Әбуғазыұлының ұрпақтары мен өнер жолын жалғастырып келе жатқан балаларының сахна төріне шығуы болды. Өйткені өнер иесінің асыл мұрасы тек ел жадында ғана сақталып қоймай, өз ұрпақтарының шығармашылық қызметі арқылы да жалғасын тауып келеді. Бұл – әке аманатына адалдықтың, ұлттық өнерге деген құрметтің және ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі.
Кеш барысында күйшінің балалары – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті Мұрат Әбуғазы, Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің «Халық әні және аспаптар» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Талғат Әбуғазы, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Марат Әбуғазы және әнші Қайрат Әбуғазы өнер көрсетті.
Әке мұрасын ардақтап, оның шығармаларын кейінгі буынға жеткізіп жүрген ұрпақтарының өнер көрсетуі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Олардың орындауындағы ән мен күй кештің мазмұнын тереңдете түсіп, Қазен Әбуғазыұлы қалыптастырған өнер мектебінің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады.
Сондай-ақ күйшінің немересі Абдурахман Әбуғазы да сахна төрінен көрініп, отбасындағы өнер сабақтастығының жалғасын көрсетті. Ауданымыздың дәстүрлі әншілері Еламан Құжиманов пен Төлеген Шакаримов та ұлттық өнердің әсем үлгілерін ұсынып, көрермен қошеметіне бөленді.
Өнер иесінің 90 жылдық мерейтойына орай қазақтың көрнекті композиторы, домбырашы, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Секен Тұрысбеков те арнайы бейнеқұттықтау жолдап, ізгі тілегін білдірді. Ол Қазен Әбуғазыұлының шығармашылық мұрасына құрмет көрсетіп, мерейтойлық шараның жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін жеткізді.
Жалпы, «Күймен өрілген ғұмыр» атты еске алу кеші – біртуар өнер иесінің шығармашылық жолын қайта жаңғыртып қана қоймай, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің бай мұрасын кеңінен насихаттаған, ұлттық өнердің қадір-қасиетін ұғындырған маңызды мәдени шара болды.
Қазақтың күй өнері – халықтың тарихы мен тағдырын, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын, арман-мұраты мен рухани болмысын жеткізетін баға жетпес мұра. Ал Алтай-Тарбағатай күйшілік дәстүрі – өзіндік орындау мәнерімен, терең мазмұнымен, әуезділігімен ерекшеленетін ұлттық өнеріміздің маңызды бір арнасы. Осы дәстүрдің дамуына үлес қосқан Қазен Әбуғазыұлының шығармалары да уақыт өткен сайын өзінің рухани құндылығын арттыра бермек.
Мұндай тағылымды кездесулердің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Өйткені ұлттық өнерді тану – өз тарихыңды тану, ал өнер иелерінің өмір жолын зерделеу – елдің мәдени мұрасына деген құрметті қалыптастыру. Кеш барысында орындалған әрбір ән мен күй, айтылған әрбір естелік көрерменді ұлттық құндылықтарды бағалауға, атадан балаға жалғасқан өнер дәстүрін қастерлеуге үндеді.
Кеш соңында аудан жұртшылығы дәстүрлі ән өнерінің майталмандары мен күйшілік мектеп өкілдерінің өнеріне зор қошемет көрсетіп, рухани әсерге бөленіп тарқасты. Қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай мәдени шаралардың ұлттық өнерді насихаттаудағы маңызын атап өтті.
Қазен Әбуғазыұлының күйлері – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Күймен өрілген ғұмырдың өнегесі мен өнері ұрпақ жадында жаңғырып, қазақтың қасиетті домбырасымен бірге жасай бермек. Ал күйшінің артында қалған мол мұрасы – уақыттың сынынан өтіп, келер ұрпаққа рухани азық болатын мәңгілік құндылық.
Пікір қалдыру