Ақсуат ауданында ауыл инфрақұрылымы жаңарып, жаңа нысандар ашылуда

Ақсуат ауданында тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Ауылдарда медициналық нысандар пайдалануға беріліп, мәдениет және спорт ғимараттары салынуда. Сонымен қатар жол жөндеу, ауыз сумен қамту және интернет байланысының сапасын арттыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда.

Ауданда көпбалалы және әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге басымдық берілуде. Осы мақсатта 51 екі пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 102 отбасы тұрғын үймен қамтылады. Есепті кезеңде ауданда жалпы ауданы 4 863 шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Ауыл шаруашылығында мал басын көбейтумен қатар, оның тұқымдық сапасын жақсартуға көңіл бөлінуде. Ауданда ірі қара саны 157,6 мың басқа, қой мен ешкі 302,79 мың басқа, жылқы 36,8 мың басқа жетті. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны өткен жылғы 85-тен 101-ге артты. Оның ішінде 84 шаруашылық ірі қара, 12-сі қой, бесеуі жылқы өсірумен айналысады.

Шаруашылықтардың техника паркі де жаңартылуда. Биыл лизинг бағдарламасы арқылы 80 трактор сатып алу жоспарланған. Есепті кезеңде 30 трактор мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған 15 қосалқы жабдық алынды. Егін шаруашылығында 8 706 гектар суармалы жер игерілуде. Бұл алқаптарға дәнді және майлы дақылдар, жүгері, картоп, көкөніс, бақша дақылдары мен көпжылдық шөптер егілген. Мақсатты пайдаланылмаған 30 380,2 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауданда ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағытындағы жобалар іске асырылуда. «Күнгей-Бахтах» өндірістік кооперативі жабық су айналымы жүйесі арқылы балық өсіру өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Қазір өндіріс алаңын жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылғанда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Дора 2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі этномәдени және ферма туризмін, аңшылық пен балық аулауды, сауықтыру демалысын дамыту жобасын жүзеге асыруда. Ал «Алтын-Алтай» шаруа қожалығы 1 000 гектарға тамшылатып суару жүйесін енгізу жұмысын кезең-кезеңімен жалғастыруда. Үш кәсіпкердің әрқайсысы 5 000 бастан асыл тұқымды қой сатып алып, мал шаруашылығын кеңейтуде.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданда үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Олардың қызметі қымыз өндіруге, сүт өңдеуге және ет өнімдерін шығаруға бағытталған. Сонымен қатар Ақсуат ауылында жеті кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында сауда дүкені, асхана, көлік жуу орталықтары, қонақ үй және балалар ойын нысаны бар. Жыл соңына дейін тағы үш кәсіпкерлік нысанды іске қосу жоспарланған.

Білім беру саласында аудандағы алты нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көкжыра ауылдық округінде балалар лагерін, Ақсуат пен Екпін ауылдарында мектеп салу көзделген. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қожагелді батыр ұрпақтарының қолдауымен мектепке арналған заманауи спорт кешені, футбол және үлкен теннис алаңдары салынуда.

Ауданда 19 мектеп жұмыс істейді. 2025–2026 оқу жылында білім сапасы 68,8 пайызды құрады. Мектеп бітірген 279 түлектің 33-і «Алтын белгі» иегері атанып, 23-і үздік нәтиже көрсетті.

Денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасуда. Екпін мен Үштөбе ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Кіндіктіде фельдшерлік-медициналық пункт пайдалануға берілді. Сұлутал, Қожагелді, Айнабастау, Көктүбек, Қызылжұлдыз және Аққала ауылдарында медициналық пункттер ашылды. Құмкөл ауылында дәрігерлік емхана құрылысы басталды.

Аудандық аурухананың қасбетін қаптау жұмыстары аяқталып, бірінші қабатында ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Медициналық мекемеге компьютерлік томограф, дентальды рентген жүйесі және өзге де қажетті жабдықтар сатып алынды.

Мәдениет және спорт саласында Көкжыра ауылындағы мәдениет үйінің, Ойшілік пен Екпін ауылдарындағы спорт модульдерінің құрылысы аяқталды. Аудан спортшылары облыс әкімінің жүлдесіне арналған ауыл спорты ойындарына қатысып, командалық есепте екінші орынға ие болды. Жарыста аудан атынан спорттың он түрі бойынша 108 спортшы өнер көрсетті.

Елді мекендерді ауыз сумен қамту бағытында Көкжыра, Кіндікті, Қарғыба және Ақсуат ауылдарындағы су құбыры желілері қайта жаңартылуда. Қызылжұлдыз бен Қожагелді ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысын бастауға дайындық қарастырылған. Жалпы ауданда елді мекендердің сумен қамтылу деңгейі 92,6 пайызды құрайды.

Жол инфрақұрылымын жақсарту аясында жеті жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Ойшілік ауылына кіреберістегі Тебіске өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту, 10,5 шақырым жолды орташа жөндеу, Екпін, Ойшілік, Құмкөл, Көкжыра және Кіндікті ауылдарының ішкі көшелерін жөндеу жұмыстары бар. Ақсуат ауылындағы Сейфуллин және Қабанбай көшелерінде жаяу жүргіншілер жолдары салынып, Қабанбай көшесіне жарық шамдары орнатылды.

Үштөбе, Кіндікті және Қызылкесік ауылдарында интернет байланысын жақсартуға арналған антенна-діңгектік құрылғылар орнатылды. Қызылкесік пен Кіндіктіде өрт сөндіру пункттері ғимараттарының құрылысы аяқталып, Ойшілікте осындай нысанның құрылысы басталды.

Жұмыспен қамту бағытында ауданда 653 жұмыс орны құрылды. «Қаладан – ауылға» жобасы бойынша 50 отбасы, яғни 135 адам қоныс аударды. Қоныс аударған отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап