АҚСУАТ АУДАНЫНДА «ҚАУІПСІЗ САНА» АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ КЕРУЕНІ ӨТТІ

Абай облысында халықтың діни сауаттылығын арттыру, діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта Ақсуат ауданында «Қауіпсіз сана» ақпараттық-түсіндіру керуені ұйымдастырылды.

Аталған жоба Абай облысының Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылуда. Керуеннің басты мақсаты – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі діни құндылықтарды түсіндіру, жат ағымдардың ықпалына түсудің алдын алу, сондай-ақ қоғамда діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайту.

Ақсуат ауданында өткен кездесуге Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Саян Аднабекұлы Тілләбек қатысып, тұрғындарға дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері, олардың жеке адамға, отбасыға және жалпы қоғамға тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар діни радикализмнің алдын алу, күмәнді діни көзқарастар мен ақпараттық ықпалдарды дер кезінде анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Дінтанушы өз сөзінде діни мәселелерге қатысты ақпаратты қабылдау кезінде әрбір азаматтың сыни ойлау қабілеті маңызды екенін атап өтті. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын діни мазмұндағы ақпараттардың барлығына бірдей сене бермей, олардың дереккөзі мен шынайылығын тексеру қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ тұрғындарға діни сұрақтар туындаған жағдайда тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгіну, білікті дін мамандарының кеңесіне сүйену керектігі түсіндірілді. Әлеуметтік желілердегі жалған уағыздар, арандатушылық сипаттағы жазбалар мен түрлі манипуляциялық тәсілдерді ажырата білу жолдары жөнінде де маңызды мәліметтер ұсынылды.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындардың ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда орын алуы мүмкін діни сипаттағы келеңсіздіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Қауіпсіз сана» жобасы – діни экстремизм мен радикалды идеологияның алдын алуға, азаматтардың дұрыс ақпарат алу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жоба аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта Абай облысының өзге де аудандарында жалғасын табады.


Пікірлер (0)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір қалдыру

Пікірге жауап