Бородулиха ауданының Новопокровка ауылында орналасқан жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Аймақ басшысы зауыттың ашылуы облыс экономикасына тың серпін беретінін атап өтті.
«Бүгін біз өңіріміздің өндірістік келбетінің жаңа тарауын ашқалы отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық» деп өндірісті дамытудың мақсатын, инвестиция тартудың маңызын айқындап берген болатын. Бүгін өндірісі іске қосылып, өңір тұрғындарының қажеттілігіне қызмет еткелі отырған бұл кәсіпорын жылына шамамен 6 000 000 дана кірпіш өндірмекші. Бұл облыс және аудан тұрғындарының құрылыс материалдарына тапшылығын азайтып, өңір экономикасына септігін тигізеді деп ойлаймын. Аудан экономикасына үлкен қолдауын көрсетіп, осындай ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқан жеке инвестор Қайырлы Хасеновке алғыс айтамын. Қазірдің өзінде 65 адам жұмыс істеп жатыр екен. Елу адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – аудан халқы үшін үлкен көмек. Биылғы мамыр айында облыстың даму жоспарын жариялаған болатынбыз. Осы жоспарға сәйкес Семей қаласында жаңа ықшам аудан құруды қолға алдық. Мұнда көптеген жаңа құрылыс нысандары салынатын болады. Кірпіш зауыты құрылыс материалдарын дайындауға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан бүгін жұмысын бастағалы отырған өндіріске сәттілік тілеймін», – деді аймақ басшысы.

«Жұмысымызды қарқынды түрде бастап кеттік. Бір миллион данадан астам кірпішті шығарып қойдық. Қазіргі таңда бірқатар компаниялармен көп қабатты тұрғын үйлер мен мәдениет үйлерін салу жөнінде келіссөз жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысынан да біздің өнімдерімізге сұраныс бар», – деді ол.


Пікір қалдыру